Әлеуметтік желіде құдалықта жұрт алдында төсекке аунаған құда-құдағидің видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрдан құда мен құдағиға қыз жақ көрпе әкелгенін, оған жігіттің ата-анасын жатқызып, кейін аунатып, сосын үстіне көрпе жабатынын көруге болады. Мұны көрген Желі қолданушылары ырымның бұл түріне таңғалып, түрлі пікір қалдырған.
"О, тоба не дәстүр?", "Осы көрпеге орау қайдан шыққан, вообще не по теме", "Құдай сақтасын, ерci", "Не ырым бұл?","Шымкенттің осы дәстүрі біртүрлі иә?", "Маңғыстауда жоқ салт, біртүрлі екен, бірақ әр жақтың салты басқа деген, қыз алып отырған соң бәріне көнуге тура келеді-ау", "Қуып кеткен салт екен", "Жалпы ерсі көрінеді", - деп жазған Желі қолданушылары.
Желі қолданушыларының арасында туған сұрақ пен пікірталасқа байланысты Massaget.kz тілшісі мұндай салт-дәстүрдің қазақ ұлтында бар-жоғын білу үшін этнограф Болат Бопайұлынан сұрап көрді.
Этнограф бұл салт қазақта бұрыннан бар екенін айтып, оның егжей-тегжейін түсіндірді.
"Бұрын қазақтың қыз ұзату, келін түсіру салты мен дәстүрінде келген құда-құдағиды күтіп, жатарда "Көрпе жабар" деген әзілді дәстүрі болған. Оны құдағилар өтейтін. Оған төсекке жатқан құда мен құдағи сыйлық берген. Бұл салт үйдің берекесі кетпей, қыз жақ әкелген жастықта қартайып, екі жас осы кісілер сияқты ғұмырлы-бақытты болсын деген мағынамен жасалынады", - дейді Болат Бопайұлы.
Сонымен қатар, маман осыған ұқсас тағы бір салтты атады.
"Ал қыз-жігіт тойы аяқталған соң, келін мен күйеу жігітті ақ отауға жеңгелері кіргізіп, төсек салып, үстіне көрпе жауып береді. Оны "Төсек салу", "Көрпе жабу" дәстүрі деп атайды. Төсек салып, көрпе жапқан жеңгелеріне сыйлық беріледі. Бұл ерте заманнан бар дәстүр. Оны бүгінгідей мейрамханада, көп жұрттың алдында емес, ақ отауға 2-3 жеңгесі ғана барып сол дәстүрді өтеген. Ол жақсы тәрбиеге ие дәстүр. Төсекті жайлап салуды үйрету. Жас жұбайлар сыйлы болсын, берекелі болсын деген көне ырымды жоралғы деп тану қажет", - деп түсіндірді этнограф.
Болат Бопайұлы қазір бұл дәстүрдің дүйім жұрттың көзінше жасалуына қатысты пікір білдірді.
"Ұят, дұрыс, жақсы көрініс емес. Мұны тойханада өткізудің, үгіттеудің қажеті жоқ. Жастарға беретін ешқандай үлгі-өнегесі жоқ. Ол жеке отбасында ғана атқарылатын ырымды дәстүр. Арысын айтсақ ол дарақылық", - деп ойын білдірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Абай Бегейдің құдалықта әйелімен төсекте "аунаған" видеосы көпшілікті таңғалдырған еді. Бұл дәстүрге әншінің өзі де таңғалып, "Бұндай да бар екен ғой" деп айтқан.
Тағы да оқи отырыңыздар: Табиғатта қанша химиялық элемент кездеседі?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз