Қудалауға тап болған ақтөбелікке өтемақы төленетін болды

Қудалауға тап болған ақтөбелікке өтемақы төленетін болды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қылмыстық қудалауға тап болған ақтөбелікке өтемақы төленетін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласы №3 сотына қылмыстық қудалаумен келтірілген моральдық зиян мен адвокат еңбегін төлеуге жұмсалған шығындарды өндіру туралы талап-арызымен қала тұрғыны жүгінген.

Әйтеке би аудандық сотының үкімімен талап қоюшы ақталып, оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы танылды.

Қылмыстық іс шеңберінде оған жолдың қарсы бағытына шығып, жүк көлігімен соқтығысты деген айып тағылған болатын. Соқтығыс салдарынан Ж.-ның автокөлігінде болған жолаушылар қайтыс болған.

Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот Ж.-ға тағылған екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу айыбы бойынша кінәсіз деп таныды.

Талап қоюшыға қылмыстық іс шеңберінде "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат" бұлтартпау шарасы қолданылған.

Сот талап қоюшының қозғалыс еркіндігі шектеулі болғанын, болған оқиғада отбасынан, оның ішінде үш кәмелетке толмаған баласынан айырылғанын, басынан өткен моральдық азаптарын ескере отырып, Ж.-ның пайдасына 2 000 000 теңге моральдық зиян және қылмыстық іс жүргізу кезінде адвокаттың еңбегін өтеу есебінен 1 300 000 шығындв өндірді. Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина