Желіде Арай Досмұхамбетова есімді бишінің той биін үйреткен видеолары тарап жатыр. Massaget.kz тілшісі бишімен сұхбаттасып, мұндай идея қайдан келгенін сұрады.
Оның видеолары Желіде жақсы қаралым жинаған.
"Көпшілігі менен той биін үйретуімді сұрайды. Бас құдағидың биі", - деп жазған видеода ол.
Желі қолданушылары видеоға жағымды пікір жазған:
"Барлық бас құдағи сіз сияқты билесін", "Енді бас құданың биі болса", "Той әніне басқаша билеу мүмкін емес", "Ой, дәл керегі", "Күшті, ұялмай билеуді үйренгім келеді", - дейді пікір білдірушілер.
Арай тойға арналған билерді үйрететін бірнеше видео жүктеген. Видеолар 15 мыңға жуық қаралым жинаған.
"Тағы да "той билері" рубрикасы. Тойда немесе басқа жерде болса да қолдануға болатын қимылдар. Темп пен ритм музыкаға қарай өзгереді. Бұл "тойда қалай билеуге болады?" деп сұрайтындар үшін. Қысқасы, тойда енді "билей алмаймын" деп тұрмаймыз. Сіздерге вариант, пайдаланыңыздар", - деп жазған ол видеода.
Бишінің оқырмандары мұндай видеолары үшін алғыс айтқан.
"От қой, тойға барғым келіп кетті", "Билей алмайтындар сізге қарап, үйренсе болады", "Міне, көптен іздеп жүрген едім. Тағы да би күтемін", "Рақмет. Енді тойға шақырғанын күтемін", "Күшті, тағы да салыңыз. Әйтпесе ағаш ұқсап тұрамыз, неден бастарын, не қимыл жасайтынын білмей", - деп жазған олар.
Арай Досмұхамбетова - Атырауда би студиясының негізін қалаушы әрі кәсіби хореограф, педагог. Ол Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжін, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Сондай-ақ, ол - Италиядағы Mollinari Art Centre түлегі.
Өзінің айтуынша, би әлеміне 10 жасында қадам басқан.
"10 жасымнан бастап билеп келе жатырмын. Сол кезде Атырауда Байкенов балет студиясы деген үлкен мектеп болды. Сол жерде биге деген бірінші қадамым басталды. Гүлсина Байкенова деген ең бірінші мұғалімім болды. Ол биге деген махаббатымды оятты. 2001-2006 жылдар аралығында осы студияда биледім. 2006 жылы Оралға музыка колледжіне түстім", - дейді ол.
Биші той биін үйрететін видеолар түсіру идеясы қалай туындағанын әңгімеледі.
"Бір видеом миллионнан аса қаралым жинады. Ондай резонанс болады деп ойламадым. Той билерін үйрететін арнайы тобым жоқ. Бірақ Instagram-да "тойда қалай билеуге болады? Соны көрсетіңізші" деген ұсыныстар түседі. Салып жатқан видеоларым негізі той биі емес, бірақ "тойда осындай нұсқада билеуге болады" деп жариялап жатырмын. Олай билеу-билемеу - әр адамның өз қалауы. Дегенмен көпшілігі "тойда қолданып, билеп жатырмыз" деп, рақметін айтып жатыр. "Біреуге пайдасы тиіп қалар" деген мақсатта шықты", - дейді Арай.