Құбырлары тесіліп, қараусыз жатыр. Ақтөбеде субұрқақтар құрғап тұр

Құбырлары тесіліп, қараусыз жатыр. Ақтөбеде субұрқақтар құрғап тұр
Фото: Massaget.kz

Ақтөбеде жаз басталғалы саябақтарға сән беретін субұрқақтар құрғап тұр. Бір кездері миллиондаған қаржыға салынған орталық көше бойындағы субұрқақтар күтімсіз қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аптап ыстықта тұрғындарға сая болатын қаладағы субұрқақтардың қазір бірде біреуі жұмыс істемейді. Басқасын айтпағанда қаланың қақ ортасындағы жұртшылық жиі баратын әуенді субұрқақтың істен шыққанына екі жылдан асыпты.

Түрлі-түсті жарықтары көз арбайтын, әуенмен әрленіп су атқылайтын субұрқақтың қазіргі жағдай мүшкіл. Құбырлары тесіліп, қараусыз жатыр. Бұрын айналасында балалар асыр салып ойнайтын болса, қазір ешкім жоқ.

Қаладағы субұрқақтардың барлығының жағдайы осындай. Ал жұртшылық субұрақтардың қосылмай тұрғанына наразы.

"Соңғы жылдары қалада субұрқақтар істемей тұр. Былтыр да әуенді субұрқақ құрғап тұрды. Жалғыз бұл емес, қаланың орталық көшелерінен бірде бір фонтан көрмейсің. Аптап ыстықта субұрқақ сая болады, айналасында балалар ойнайды. Өзге өңірден келген қонақтарды алып барып, суретке түсетін едік. Шыны керек, қазір саябақтарда субұрқақ болмағаннан кейін барғың да келмейді", - деді қала тұрғыны Гүлсім Қадырова.

Ал әкімдік мәліметінше, былтыр қаладағы субұрақтарды жөндеуге 184 миллион теңге бөлініпті. Алайда мердігер мекеме өз ісіне жауапсыз қарап, ешқандай жөндеу жұмысын жүргізбеген. Соңында әкімдік сотқа беріп, бөлінген ақшаны кері қайтарып алған.

"Уақытында жұмысты жасамағаннан кейін мердігер мекемені сотқа бердік. "Шалқар-бастау" мекемесімен жаңа келісімшарт жасадық. Төрт субұрқақты жөндеп беретін болды. Бұған 107 миллион теңге ақша бөлінді. Ал қалған 10 субұрқақ демеушілердің көмегімен жасалып жатыр. Жалпы субұрқақтарды күтіп-баптауға 22 миллион теңге  ақша бөлінді", - деді  Ақтөбе қалалық тұрғын -үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Бақтияр Төрешов.

Қазір қаладағы 21 субұрқақтың тек үшеуі ғана іске қосылып тұр. Ал әкімдік мәліметінше, тұрғындар жиі баратын тұңғыш президент атындағы саябақ пен сулы жасыл бульвардағы субұрақтарда жөндеу жұмысы басталған. Шенділер қалған субұрқақтар біртіндеп іске қосылады деп сендірді.

Кәмшат Қопаева

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz