"Құбырдағы шынымен газ ба?" Алматыдағы газ баллондарын лақтырып тастаған отбасының тарихы

"Құбырдағы шынымен газ ба?" Алматыдағы газ баллондарын лақтырып тастаған отбасының тарихы
Фото: Алихан Сариев, Tengrinews.kz

Алматылық 36 жастағы Рапхатжан мен 34 жастағы Рахилям Якубовтардың шаңырағындағы ас үйде үш қызы анасына шай дайындауға, жемістерді жууға көмектесіп, абыр-сабыр болып жатыр. Сонымен қатар, тамақ ішетін үстелдің бір жағында сабаққа әзірленіп жатыр. "Менің кеңсем – ас үйім" дейді отанасы күлімсіреп. Расында да, анасы мен қыздары күндерін осы жерде өткізеді – анасы тамақ дайындап жатқанда, мектептен келген қыздары оқулықтары мен дәптерлерінің беттерін парақтап, сабаққа дайындалады, содан кейін отбасымен түскі немесе кешкі асқа үстел басына жиналады. Үйде жалғыз осы тамақ ішетін үстел ғана бар.

 

"Біз шайды кастрюльге қайнатамыз. Ұйғырлардың дәстүрі бойынша, сүт пен тұз қосылған шай тек кастрюльдерде қайнатылады. Ал біз оны сүтпен ішеміз, бірақ тұз қоспаймыз. Менің марқұм әкем ешқашан тұз қосқан шайды ұнатпайтын. Сондықтан мен шайды осылай дайындауға үйрендім. Күйеуімді де соған үйреттім", – дейді Рахилям.

Көрші бөлмеден балалардың шулаған дауыстары естілді. Рапхатжан мен Рахилямның желтоқсан айында алты жасқа толатын кенже ұлдары өзінің толыққанды жүргізушісі екенін білдіріп, су жаңа қызыл электромобиліне отырып алыпты. Мұндай үлкен сыйлықты ұлдарының сүндет тойына отбасылық достары тарту етіпті.

"Біздің шағын ғана отбасымызда өзім, күйеуім, үш қызым, ұлым және екінші топтағы мүгедек енем бар. Оның қамқоршысы – менің күйеуім. Аллаға шүкір, тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз. Бесінші ұлдың дүниеге келуін күтудеміз. Бірде кенже ұлдары: "Менің әпкелерім бар, бірақ бірге машина жүргізіп ойнайтын аға-інілерім жоқ" деп қиғылық салды. Содан кейін біз жақын арада бесінші баламыздың ұл болатынын білдік", - дейді көп балалы ана. Айтпақшы, ол күйеуіне әрдайым "жаным" деп сөйлейді екен.

Рафатжан мен Рахиламның балалары өте тәрбиелі, сабақтарын үйде өздері оқиды. Үлкен қыздары тоғызыншы сыныпта оқиды. Бір кездері әкесі ұшақтарға қатты әуестенген екен, авиамодельдеуге қызығушылық танытқан қызы да үйірмеге барып, грамоталар, медальдар алып, жүлделі орындарға ие болды.

"Қызым тоғызыншы сыныптан кейін колледжге IT мамандығына оқуға барам деп отыр. Тезірек оқуын бітіріп, ақша тапқысы келеді. Отбасымыз түгел Ыстамбұлға барғанын, әртүрлі елдерді аралап көргенін қалайды, – дейді Рахилям. – Ал ұлым әу баста боксты ұнататын. Содан кейін бір жарыста спортшының аузы-мұрнынан қан кеткенін көрді де: "Бетіме біреудің жұдырығы тигенін қаламаймын, одан да аспаз болғаным жақсы" деді”.

Енді Якубовтардың шағын үйі жып-жылы болды. Алдағы қысты енді ешқандай қорқыныш пен уайымсыз қарсы алуға болады.

"Бұрын мұнда әжем мен анам тұратын. Әжем қайтыс болғаннан кейін, анама қарайтын адам болмағандықтан, біз үйді бөліп, бірнеше адамға беруге шешім қабылдадық. Үйдің жартысын өзімізге қалдырып, бөлек есік шығарып, шамамыз келгенше қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Бірақ ұзақ уақыт бойы газ болған жоқ", – дейді Рапхатжан.

Райымбек – Мате Залки ауданында орналасқан енесінің үйіне көпбалалы отбасы 2019 жылы көшіп келген. Ал 2020 жылы пандемия басталған кезде, еріктілер ұйымдарының біріне өтініш беріп, олар үйінің қабырғаларын сыртынан қаптап берді. Қыста үйді газ баллондарының көмегімен жылытып жүрді. Оларды сатып алу қымбатқа түсетін: бір үлкен баллонның құны 5 мың теңге тұрады. Бір аптаға екі баллон жағылатын. Ал қатты аяз болған кезде одан да көп кетеді. Айына үйді жылыту мен тамақ дайындауға орта есеппен 150 мың теңгедей жұмсалатын.

"Бір жағынан, бұл қауіпті еді: ылғи уайымдап жүресің. Өйткені балалар үнемі осы баллонның жанында ойнайды, – дейді Рапхатжан. – Бұрын бізде буржуй пеш болды. Газды қосқан бойда бірден жинаған ақшамызға 60 мың теңгеге газ плитасын сатып алдық. Осы сәтті қанша күттік десеңізші!"

Екі жыл бойы отағасы әкімдікке барып, үйлерін газ желісіне қосу туралы өтініш жазды, бірақ одан еш нәтиже болмады. Газ баллондарын қарызға ала тұрған кездер де болды. Биыл тағы бір мәрте бағын сынап көрмекші болған Рапхатжан мен Рахилям әкімдік қызметкерлеріне үй суық болғандықтан, балаларының жиі ауыратынын ашық айтты. Олар мәселені шешуге үшінші рет уәде бергенде, ерлі-зайыптылардың үміттері үзілгендей еді… Бірақ арада төрт күн өткен соң, Якубовтардың үйіне құбырлар әкеле бастады.

"Мен ол кезде өз көзіме өзім сенбедім. Тіпті абдырап қалдым. Техниктерден құбырда шынымен газ бар ма деп сұрай бердім. Барлығын орнатып болған соң, құбырдағы газды иіскей бердім. Бұл жағдайдың шынымен біздің басымызда болып жатқанына сене алмадым. Қуанышымды жасыра алмай, дереу әкімдікке қоңырау шалып, газдың қосылғанын хабарладым және бақыттан басым айналып, көз жасыма ерік бердім. Газ қосылған алғашқы күні балаларым қуанғаннан жып-жылы үйдің ішінде жалаңаяқ, жалаңаш жүгіріп, асыр салып ойнады", – деп қуанышымен бөліскен Рахилямның жүзінде нұр ойнады.

Рапхатжан енді коммуналдық ұйымдарға тағы барып, су мен жарықты қосу туралы өтініш жазбақшы. Осы уақытқа дейін отбасы су мен жарықты көрші үйден тартып отырған еді. Өздерінің жеке шоты болған жоқ. Газды күту керек болды.

"Қазір бізде тек тамақ дайындауға ғана емес, бүкіл үйді жылытуға арналған газ бар. Құрал-жабдықтары қоймада тұр. Газ келді, енді қалғаны да болады", – деді үй иесі сенімді түрде.

36 жастағы Рапхатжан бүгінде "Алматы-1" теміржол вокзалы маңындағы гараж кооперативінде күзетші болып істейді. Бір күн істеп, екі күн демалады. Отбасының бар табысы – отағасының азғантай жалақысы мен оның анасының мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақысы. Сондықтан үйге газ кіргізу отбасы бюджетін үнемдеуге үлкен көмек болды. Жақында газ төлемі үшін алғашқы түбіртек келеді. Әзірге олар қанша төлейтінін нақты білмейді. Бірақ көршілерден сұрап білгенде, айына 5 мың, қыста қатты аяз болған кезде 20 мың теңгеге дейін төлейді екен.

"Енді артық шығынданбаймыз. Екі жатын бөлме, ас үй, кіреберіс, жуынатын бөлмеден тұратын шағын ғана үйіміздің көлемі – небары 80 шаршы метр, – дейді Рапхатжан. – Бізге газ өткізіп береді деген үмітіміз үзілген сәтте, газ компаниясына барып, өз бетімізбен өткізуге қанша қаражат қажет екенін сұрап білдім. Орташа есеппен алғанда, мұның бәрі бізге жарты миллион теңгеге шығады екен! Қуанышымызды қалай жеткізерімді білмей отырмын. Әкімдікке және Halyk Bank-ке бізге көмектескені үшін үлкен алғыс айтамыз. Үйіміз жып-жылы ұядай болып тұр".

Біз газ баллондарын суретке түсіре алмадық. Үйге газ кірген соң, бақыттан басы айналған ерлі-зайыптылар оларды бірден лақтырып тастапты.

Серіктестік материал

Dinara