- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құбыр бар, су...
Құбыр бар, су жоқ: Шымкентте тұтас аудан ауызсуға зәру болып отыр
Шымкентте ауызсу жүйесін тартуға бөлінген миллиардтаған қаржыдан қайыр болмады. Құрсай мөлтекауданына жүргізілген ауызсу жүйесі екі жылдан бері кәдеге аспай қаңырап тұр. Құбыр тартылғанымен су жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Құрсайдағы әрбір үйге ауызсу ауыр бейнетпен келеді екен. Көлік мінгендер ауызсуды алыстан тасып ішеді, ақшасы бары сатып ішеді. Әр үйдің ауласында темір ыдыс. Тұрғындар айына екі рет арнайы көлікке тапсырыс беріп, осында құйдырып алады. Бір машина 6,5-7 мың теңге тұрады.
"Әкелген су тұрған соң ескіріп кетеді. Сарғаяды, соны ішеміз. Ақ шелекке құйған соң тұнады, соның бетіндегісін ішеміз", - дейді қала тұрғыны Құлпынай Файзулла.
Мұндағы әрбір көшеге, тіпті үйдің алдына дейін әлдеқашан құбыр тартылып қойған. Бірақ 17 мың абоненттің құдығынан әлі күнге тамшы тамбаған.
"2 жыл болды қазып тастап кеткеніне. Тұрбаның не болып жатқанын құдай білсін. Есептегіш те қойған жоқ. Шлангілер шошайып шығып жатыр. Уәдені бере береді. Қазірге дейін үш рет өзгерді. Қатырамыз дейді. Бұл жақта біз қатып жатырмыз", - дейді қала тұрғыны Ерғали Битеміров.
Құрсай шағынауданына ауызсу жүйесін жүргізуге 5,6 миллиард теңге бөлінген.
"Жобада өзгеріс болды. Жобалаушы мекемелермен зерделеу жүргіздік. Өзгерген жерлері бар. Құрсайда үйлер көптеп салынып жатыр. Сол үшін біз оларды да жобаға қосып жатырмыз", - дейді бұл мәселе туралы қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ақарыс Боранбай.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова