Жамбыл облысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика және туризмдегі әлеуетімен ғана танымал емес. Бірнеше жыл бұрын өңірде "Асар" дәстүрі қайта жаңғырды – ауылдастар бірігіп, бірінші кезекте мұқтаж жандарға: көпбалалы, сондай-ақ мұқтаж отбасыларға үй салады. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен биыл осындай 49 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. ОКҚ мен еліміздің өңірлері дайындаған келесі материал 2023 жылы Жамбыл облысы қол жеткізген нәтижелерге арналады.
Кәсіпкерлік серпіліс
2023 жылы өңірде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 25,5%-ға артты. Бұл ретте шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 23,6%-ға, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 22%-ға өсті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың үштен біріне жуығы ауыл шаруашылығында еңбек ететінін айта кеткен жөн.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 24,5 миллиард теңге сомасына 2,1 мың жоба қолдау тапты.
Облыстың мығым өнеркәсіптік тірегі
Облыстың экономикалық көрсеткіштері тұрақты. Жалпы өңірлік өнім 6,1%-ға өсті. Атап айтқанда, байланыс қызметінің көлемі 8,1%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға, сауда көлемі 2,6%-ға өсті.
Өнеркәсіптік өнімнің көлемі 0,6%-ға ұлғайды, оның басым бөлігін өңдеуші өнеркәсіп (71%) құрайды.
Тау-кен металлургия кешені 17,1%-ға, химия өнеркәсібі 7,3%-ға, жеңіл өнеркәсіп 5,8%-ға өсуді көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда, өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 22%. Саладағы 846 кәсіпорында 46 мың адам жұмыс істейді.
ЖЭК пен су жүйелерін қалпына келтіруге басымдық беріледі
Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға лайық және осы салада шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңір болып табылады. Мұнда күн және жел энергиясын өндіретін жалпы қуаттылығы 450-460 МВт құрайтын 21 объекті бар.
Соңғы 3 жылда облыста үлкен және шағын қуаттылықтағы жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, 2021 жылы ірі жобалардың бірі – қуаттылығы 100 МВт "Жаңатас" ЖЭС (жел электр станциясы), сондай-ақ "Тасөткел" су қоймасындағы 9,2 МВт СЭС-тің 2-кезегі пайдалануға берілді. 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаттылығы 50 МВт "AEC ASA" СЭС жобасы және Талас ауданында жалпы қуаттылығы 13,5 МВт "Шеңгелді", "Шеңгелді-2" және "Новатекс ЭС" 3 ЖЭС жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта Сарысу ауданында құрылысы 2024 жылдың басында аяқталатын қуаттылығы 100 МВт "Шоқпар" ЖЭС-і салынып жатыр.
Мұнымен қоса, үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. 2026-2027 жылдардың соңына дейін қазіргі 450 МВт-тан 2,5 ГВт-қа дейін жел энергиясын алу жоспарлануда. Осылайша, Мойынқұм ауданында қуаттылығы 1 ГВт ЖЭС жобасы, Сарысу ауданында қуаттылығы 500 МВт болатын екі ЖЭС-тің құрылысы жүргізіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға, сондай-ақ Қытайға сапары барысында тиісті келісімдерге қол қойылды.
Өңір үшін су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы туралы мәселе де өзекті болып отыр.
Облыстың трансшекаралық суды пайдалануға тәуелділігін азайту үшін су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Атап айтқанда, 2025 жылдың аяғына дейін көлемі 46,2 миллион текше метр болатын 13 су қоймасын салу жоспарлануда, оның жобалық құжаттамасы әзірленіп жатқан үшеуі ірі, 10-ы шағын. Ағымдағы жылы көлемі 1,4 миллион текше метрлік 3 су қоймасы салынуда. Сонымен бірге, Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл Талас өзені бассейні бойынша мемлекетаралық су бөлісуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 3 жыл ішінде вегетациялық кезеңде суармалы судың трансшекаралық көздеріне тәуелділікті 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Агроөнеркәсіп саласы алдыңғы қатарда
Өңір экономикасында маңызды орынға ие салалардың бірі - АӨК. Оны одан әрі дамыту мақсатында ет пен сүт өндіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыру көзделген.
"Ауыл аманаты" бағдарламасына сұраныс бар. 2023 жылы 24 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 18,9 миллиард теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.
Мемлекеттік қолдау шаруаларға 1,5 мың бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын және 552 шаруа қожалығына жоғары өнімді тұқым сатып алуға мүмкіндік берді. Мемлекеттік қолдау аясында ірі қара мал басының саны 5,8%-ға, қой - 9,8%-ға, жылқы - 9,7%-ға ұлғайды. Ет өндірісі 3,6%-ға, сүт өндірісі 1,4%-ға өсті.
Орташа өнімділік 9,6 мың тонна болатын 363,2 мың тонна дәнді және бұршақ дақылдары, сондай-ақ 179 мың тонна қант қызылшасы жиналды.
Агроөнеркәсіптік кешенде өңірде 159 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Қазірдің өзінде төрт жоба іске қосылды. Бұл - жалпы сыйымдылығы 35 мың тоннаны құрайтын екі көкөніс сақтау қоймасы, 1,5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, "Бурный сыр зауыты" ЖШС кеңейту және жаңғырту.
Жалпы, Жамбыл облысы АӨК өнімінің көлемі бойынша елімізде 6-шы орында.
Оқыту мен денсаулық ерекше назарда
Білім беру мен денсаулық сақтау саласында 2023 жылы облыста елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.
Оқытуға қолайлы жағдай жасау және білім сапасын арттыру үшін ағымдағы жылы 28 жаңа білім беру объектісінің құрылысы басталып, оның үшеуі пайдалануға берілді. 2023 жылдың соңына дейін тағы 10 мектепті тапсыру жоспарланып отыр.
2024 жылдың соңына дейін тағы 15 білім беру объектісі, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 7 мектеп енгізілетін болады.
Облыста денсаулық сақтау саласында 391 объекті жұмыс істейді. 24 объекті, оның ішінде "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 10 объекті салынып жатыр. Оның алтауы тапсырылды. Ірі объектілердің қатарында Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер мен Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы бар. 2023 жылдың соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау объектісін пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған бесеуі 2024 жылы енгізіледі.
Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухана салу, сондай-ақ Мерке, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
"Асар" әдісі және басқалары
Жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде 35 тұрғын үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бюджет қаражаты есебінен 10 және жеке инвестициялар есебінен 11 үй тапсырылды.
Тұрғын үй алу кезегінде 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы - халықтың әлеуметтік осал топтары. Осыған байланысты, ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу көзделген. Бүгінгі таңда 123 пәтер сатып алынды.
"Асар" жобасына орала отырып, жалпы 2020 жылдан бастап жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 338 аз қамтылған отбасы баспаналы болғанын атап өткен жөн.
Туристік әлеуетті дамыту
Өңірдің туризмді дамыту мүмкіндіктері туралы жеке айтып өткен жөн. Былтыр Тараз қаласы әлемдік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, Қазақстандағы тұңғыш қолөнер қаласы мәртебесін алды.
Биыл 3 туристік орталық ашылып, 2026 жылға дейін 9,8 миллиард теңге сомасына 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, жыл қорытындылары, сондай ақ қолға алынған жобалар көрсетіп отырғандай, Жамбыл облысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған алға қойылған міндеттерге сәйкес, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктер мен үрдістерді ескере отырып дамып келеді.
Жамбыл облысының әкімдігі ұсынған материал