- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қуатты өңірлер –...
"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасының мақсаты қандай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың 12 қазанында Үкімет "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын бекіту туралы қаулы қабылдады. Аталмыш жобаның басты мақсаты – тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жағдайды жақсарту, оңтайлы көлік байланысын қамтамасыз ету, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жоғары. Жоба аясында Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 3,9%-ға, сонымен қоса транзиттік жүк легін 22,7-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда Қазақстан ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде "Инфрақұрылым" көрсеткішін 62-ден 49-ға, дүниежүзілік банк рейтингінде "Логистика тиімділігі" көрсеткішін (LPI) 71-ден 50-ге дейін жақсартатыны болжанған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 2021–2025 жылдарға 7 567 408 245,0 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде 4 022 143 962,0 мың теңге республикалық бюджеттен, 785 759 418,8 мың теңге жергілікті бюджеттен. Сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат – 2 759 504 864,2 мың теңге.
"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бұған дейін қабылданған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту, "Өңірлерді дамыту" секілді мемлекеттік бағдарламалардың басын біріктіргенін айта кетуіміз керек. Аталмыш жоба еліміздің өзге аймақтарындағы секілді Астана қаласында да азаматтарды тұрғын үймен, жылу және ауыз сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Сондай-ақ көлік қатынастары жолға қойылып, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға жол ашып отыр. Халықтың сапалы әрі жайлы тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру – жобаның басты мақсаттарының бірі. Өйткені, соңғы жылдары Астана халқының саны күн санап артып келеді. Ал бұл өз кезегінде баспана мәселесін туындатуда. Бүгінгі таңда 50 мыңға жуық отбасы үй кезегінде тұр.
Тұрғын үйге қатысты тағы бір маңызды мәселе – үлескерлер мәселесі. Үлескерлер мәселесінің талай жылдардан бері жыр болып келе жатқаны жасырын емес. Осы жылы 11 шілдеде өткен Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлескерлер мәселесі – өткір мәселе екенін тілге тиек етіп, оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажеттігін айтқан болатын.
"Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ ол жеткіліксіз. Биыл мәселе туындатып отырған 16 үйдің құрылысын аяқтау қажет. Ал, жыл соңына дейін бұл мәселе толықтай шешілуі тиіс. Осыдан кейін мұндай мәселенің қайта туындауына жол бермеуіміз керек", - деді президент.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты да пікір білдірді.
"Мен қаңтардағы жиында ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты кеңірек тоқталдым. Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ", - деді мемлекет басшысы.
Астана қаласы әкімінің мәліметінше, бір кездері 16 мың адамға жеткен үлескерлер саны бүгінгі таңда 4 мыңға дейін қысқарған. Сондай-ақ, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жыл соңына дейін бұл мәселе түбегейлі шешілмек. Сонымен қоса, қала басшысы биылғы жылы 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілетінін және келесі жылы да бұл жұмыстар одан әрі жалғаса беретінін айтты. Әкімнің сөзінше, Астанаға өзге аймақтардан қоныс аударушылар мен жұмыс іздеп, тұрмыстақ жағдайын жақсарту мақсатында ауыл-аймақтардан көшіп келушілер легі әлі де толастар емес. 1997 жыл Елорда халқының саны 300,5 мың адам болса, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қала халқының саны 1 340 782 адамды құраған. Ал, бұл көрсеткіш 2030 жылы 2 миллионға, 2050 жылы 3 миллионға жетеді деп болжануда. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, Астана бас қала болғалы қалада 33 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылған. Алайда, бас қаламызда демографияның қарқынды өсуі баспана мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік бермей келеді.
"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері" ұлттық жобасы тұрғын үй инфрақұрылымына тың серпін береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылға қарай 236,7 мың отбасының баспана жағдайы жақсаратын болады. Сонымен қоса, тозығы жеткен 251 үйді бұзылады деп жоспарлануда.
Астананың ел экономикасындағы орны да ерекше. Еліміздің бас қаласының бюджеті республикалық бюджеттің донорларының бірі. Бүгінгі таңда Астана аймақ дамуының драйверіне айналып келеді десек, артық айтқандық емес. Оған жыл санап өсіп келе жатқан мына көрсеткіштер айқын дәлел. Мысалы, бас қалада жыл сайын 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның шамамен 70%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Шағын және орта бизнес субъектілері еліміздегі осы саладағы барлық жұмыстар мен қызметтердің 20 пайызын өндіреді. Қазіргі таңда Астанада 140 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс атқарады. Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында қызмет етіп жүр. Бұрын Астана мемлекеттік қызметкерлер қаласы болса, қазір кәсіпкерлер қаласына айналды. Оған қоса, республиканың жалпы ішкі өнімінің 11%-дан астамы және еліміздің негізгі капиталына салынатын инвестициялардың 10%-ы Елордаға тиесілі болып отыр. Соңғы жылдары Астана қаласының жалпы өңірлік өнімі 25,7 миллион теңгеден 7 триллион теңгеге дейін өскен. Ал өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 1997 жылмен салыстығанда 15,2миллиардтан 755 миллиард теңгеге жеткен. Осы уақытқа дейін әлемнің 75 елінен 2 мыңнан аса компания Астанаға бизнес жүргізу үшін келген және14 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған.
Астанада жайлы тұрмыс қалыптастыру аса маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын:
"Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуі тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз "адам қала үшін емес, қала адам үшін" қағидатын басшылыққа аламыз. Адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді. Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Астана қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің барша азаматына мол мүмкіндік береді. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау, мәдени-демалыс мекемелері мен қоғамдық орындар барлық адамға бірдей қолжетімді болу керек", – деді президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдына Астананы жаһандық қалаға айналдыру міндетін қойды. Ол үшін Елорда креативті адамдар мен талантты жастарды, сондай-ақ туристер мен шетелдік инвесторларды тартатын негізгі орталыққа айналуы тиіс.
А. Жапатова