"Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдың 12 қазанында бекітілген болатын. Жоба тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жағдайды жақсарту, оңтайлы көлік байланысын қамтамасыз ету, көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру, сондай-ақ халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды қамтиды. Бұған дейін қабылданған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту, "Өңірлерді дамыту" секілді мемлекеттік бағдарламалары енді осы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасына бірікті десек болады , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2021 жылдан бастап қоныс аудару бағдарламасы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасында іске қосылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты - оңтүстіктен солтүстікке және еліміздің басқа да жұмыс күші тапшы өңірлеріне қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтарын пайдалану. Жыл сайын іске асып келе жатқан бағдарламаның нәтижесі өз жемісін беріп келеді.
Қандай көмек беріледі?
Өткен жылы Ұлттық жоба аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде 6 492 қоныс аударушылар мен 2337 қандастар санын құрады. Қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтсақ, отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК (2024 жылы 1 АЕК – 3692 тг) мөлшерінде біржолғы төлем тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленді. Яғни, төлем мөлшері қалаға қоныс аударған бір адам үшін 20 АЕК — тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін — бір адам үшін 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге) берілді. Сондай-ақ, жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге көмек берілді.
Ұлттық жоба аясында қоныс аударушылар жалға берілетін пәтер мен біржолғы көмектен бөлек қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберіледі. Сондай-ақ, кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Өткен жылы барлық қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған, 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашу үшін гранттар алды.
"Жайлы баспана, жақсы жұмыс"
Осы мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – Алтын Артықбаева. Ол өз отбасымен 2022 жылы Түркістан облысынан Павлодар облысындағы Көктөбе ауылына көшіп келген. 25 жыл бойы ескі үйде тұрған ол бүгінде жаңа пәтердің иесі атанған.
"Қай жерде жүрсе де ең бастысы – жайлы баспана деп ойлаймын. Бізге қатты ұнап жатыр. Қай жерде тұрғаның маңызды емес, баспаналы болып, бала-шағаны үйлі-жайлы еткенге не жетсін?! Көшкеннен кейін отбасымызға 612 570 теңге сомасында көшуге материалдық көмек берілді. Сондай-ақ тегін мемлекеттік жалға берілетін жаңа тұрғын үй берілді. Айына 8 мың теңге ғана төлеймін. Негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі. Жұмысқа орналасуға жағдай жасады. Ұлым былтыр мемлекеттік грант алып, кәсібін бастады. Қайтарымсыз грант бізге үлкен көмек болды", – деді қоныс аударушы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл қоныс аударатындарға төмендегідей квота бөлінген:
Жұмыс күші тапшы, халық саны аз өңірдегі тұрғын санын Ұлттық жоба аясындағы осындай бағдарламалар Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтауға, ұлттық салт-санадан ажырамауға, тіл мәселесінің оң шешілуіне ықпал ететіні белгілі. Бағдарлама аясында соңғы 4-5 жылда бос тұрған жұмыс орындары осындай мамандармен толықты. Ең маңыздысы - қоныс аударушылар халық аз шоғырланған Солтүстік, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл-аймақтарын сақтап қалуға өз үлестерін қосуда. Бұл "Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері" Ұлттық жобасының бүгінде әр өз нәтижесін бере бастағанының айқын көрінісі деуге болады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!