- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қуандық Бишімбаев уақытша...
Қуандық Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
Әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Астана қаласының Полиция департаменті мейрамханада әйелді өлтіру дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігі ("Кісі өлтіру") тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
Күдікті Астана қаласы ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің объективті мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында. Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғандығын еске салды.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталғаны расталды
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.
Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина