“ҚТЖ-Жүк тасымалының“ пара алған қызметкері сотталды

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикорға сілтеме жасап. 

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС "Батыс" филиалы Жем пайдалану локомотив депосының бастығына қатысты үкім шығарды.

Ол локомотив депосының кадрлар жөніндегі делдал-менеджері арқылы адамды тепловоз машинисінің көмекшісі лауазымына орналастыру үшін 1,5 милллион теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сол үкіммен делдал 1 жылға 6 айға бас бостандығынан айырылды, пара берген адам және оның көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз