Қазақстанда пойыз вагондарының 50 пайызы ескірген. Оның үстіне биыл жолаушыларға арналған билет қымбаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жылда жолаушылар ағыны едәуір өсіп келеді. Алайда қоғам тарапынан пойыз билеттері тез бітіп қалады деген шағым айтылады.
ҚТЖ мәліметінше, былтырдың өзінде жолаушылардан 4 мыңнан аса өтініш түскен. Оның ішінде шамамен 2 мыңы - шағым, 1 мыңнан астамы - ақпараттық әрі нақтылау сипатындағы сұрақтар және 715-і - көрсетілген қызмет сапасына алғыс. Былтыр жолаушылар пойыздарының уақытынан кешігуіне өте көп шағым айтылған.
2023 жылы қарашада премьер-министр Әлихан Смайылов отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай келетінін айтты. Үкімет басшысы жол саласын қамтамасыз етуге шетелдік кәсіпкер тартылатынын мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60 пайызға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіріп отыр. Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін "бір терезе" жүйесін құру қажет. Барлық қызмет жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуге тиіс", - деген еді Үкімет басшысы.
ҚТЖ-ның ресми өкілі Нариман Дүйсекеев қазіргі таңда мәселе қалай шешіліп жатқанын айтты.
"Билеттер жеткіліксіз болса, күту парағы қызметінің жүйесі бар. Локомотив паркіне 2141 вагон жетіспейді. Мұны шешу үшін вагондарды жаңартып жатырмыз. 2023 жылы қазақстандық "ЗИКСТО" зауытынан 94 жаңа вагон алдық. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ұлттық тасымалдаушыға тағы 60-қа жуық жаңа вагон жеткізуді жоспарлап отырмыз. Онымен қоса, 2025-2030 жылдар аралығында тағы 537 жоғары технологиялық Stadler вагондарын жеткізу жоспарланып отыр", - деді ол.
2024 жылы 1 қаңтардан бастап билет бағасы 7 пайызға өсті.
"Билет бағасы жыл сайын индекстеліп отырады. Бізде оны реттеп отыратын уәкілетті орган бар. Көбіне инфляциялық ахуалға байланысты өседі", - дейді Нариман Дүйсекеев.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов динамикалық баға белгілеу тарифі енгізілгенін айтты.
"Жолаушыларымызға билетті ерте сатып алуға мүмкіндік бердік. Бізде билеттерді сату 45 күн бұрын басталады. Егер азамат билетті сатылым ашылғаннан күннен бастап 10 күн ішінде сатып алса, оған 25 пайыз жеңілдік жасалады. Ал егер билет жол жүруге аз күн қалғанда сатып алынса, онда билет керісінше 25 пайызға қымбатқа сатылды. Мұндай тариф былтыр 1 маусымға дейін болды. Өте ыңғайлы жүйе болғандықтан, адамдар билетті жеңілдікпен ертерек сатып ала бастады", - дейді Жолаушылар тасымалы басшысы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!