"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы мен "Самұрық-Қазына" қоры басшысының ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді.
"ҚТЖ ел заңнамасы аясында құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетіп, қажет ақпарат пен материалдарды ұсынып жатыр. Осы мәлімдеме дайындалған сәтте компанияда көпшілікке жарияланған ақпараттан басқа бұл мәселеге қатысты өзге мәлімет жоқ. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, соталды тергеу деректері жария етілмейді. Сондықтан ҚТЖ әзірге қосымша пікір бере алмайды", – делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ, "ҚТЖ" мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ тобына кіретін компаниялар қалыпты жұмыс тәртібінде қызметін жалғастырып жатқаны айтылды.
Компанияның мәліметінше, инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары мен іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттеме күшінде қалады және қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалады.
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Елжас Отынышиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растады.
ҰҚК ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке іліккенін хабарлады. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мекеме Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, соталды тергеу барысы туралы өзге ақпаратты жария етпеді.
Айта кетейік, ҚТЖ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев ұлттық компания басшысы қызметіне тағайындалғаннан кейін төрт айға жетпей ұсталды.
12 қарашада әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешені маңында шашылып жатқан долларлар бейнеленген видео тарады. Кадрлардан банкноттардың тұтас бумалары көрінеді.
Жарияланымдарда бұл ақша "Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшыларының ұсталуымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылды. Сонымен қатар, тінту кезінде ұсталғандар бірінің жұбайы ақша салынған сөмкелер мен чемодандарды пәтер терезесінен лақтырып жібергені туралы нұсқа тарап жатыр. Дегенмен бұл ақпарат та, көшеден табылған купюралардың тергеуге қатысы бары да әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Сондай-ақ, желіде "Самұрық-Қазына" және ҚТЖ басшылары ұсталған сәт болуы мүмкін кадрлар тарады.
13 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" АҚ мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Президент бұған дейін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында бұл компаниялардың басшылары ұсталғаны туралы ақпарат тарағанын еске салды. Оның айтуынша, бұл мемлекеттік компанияларда ауқымды сыбайлас жемқорлық бар екенін көрсететін өте маңызды белгі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!