Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістегі Үкімет сағатында елде толық жұмыс істесе де, жалақысы кедейлік шегінен аса алмайтын мамандықтарды атады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әлеуметтанушылардың айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін кедейлер феномені белең алып бара жатыр. Ол дегеніміз – толық жұмыс күні істесе де, жалақысы кедейлік шегінен аса алмайтын адамдар. Әсіресе бұл мемлекеттік секторға қатысты. Олар – кітапханашылар, бухгалтерлер, техникалық қызметкерлер және тағы басқалар. Олар толық жұмыс күні істеп, алатын жалақысы бойынша кедейлік шегінде тұр", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында.
Депутат елде кадр тапшылығы мәселесі де жиі айтылатынын алға тартып, еңбек нарығында кадрлық дисбаланстың орын алып отырғанын атап өтті.
"Неге бізде өз саласының білікті мамандары өз мамандығы бойынша жұмыс істей алмай жүр. Еңбек нарығындағы дисбаланстың себебі неде? Біз елде білікті маман жетіспейді дейміз, бірақ жағдай осылай. Мысалы, гидроминерация мамандығына бөлінген гранттарға бірде-бір адам өтініш білдірмеген. Конкурс 0 адамды құрады. Көлік құрылыстары бойынша 300 грант бөлінгенімен, 29 адам ғана қабылданды. Бір грантқа 0,1 адамнан келіп отыр. Аталған мысалдар кадр мәселесінің күрделі екенін көрсетеді", – дейді ол.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова теңестірілген еңбек нарығы 2030 жылға қарай құрылады деді.
"Біздің ең жақын уақыттағы стратегиялық мақсатымыз – 2030 жылға қарай теңдестірілген еңбек нарығын құру" деп жауап берді. Цифрлар тілімен айтар болсақ, экономикамызда 3,8 миллион сапалы жұмыс орындары болады, 1,7 миллион адамның табысы медианды жалақыдан жоғары болады, формальды емес жұмыспен қамту 15 пайызға дейін төмендейді", – деді министр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!