Кітап оқу мәдениетін дамыту: Қазақстанда жаңа Ұлттық сыйлық пайда болады

Кітап оқу мәдениетін дамыту: Қазақстанда жаңа Ұлттық сыйлық пайда болады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Президент мәдениет, білім және инновация салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауды қаулы етті:

  • кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;
  • оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;
  • туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
  • баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;
  • ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.

Жарлықты іске асыру үшін Қазақстан Үкіметіне бірқатар тапсырма берілді. Олардың қатарында — жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз ету бар. Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін Министрлер кабинеті мыналарды орындауы тиіс:

  • "Кітапхана және кітап шығару ісі туралы" жаңа заң жобасын әзірлеу;
  • кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау;
  • бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget