"Кітап-AMANAT" - тарихи өңірде

"Кітап-AMANAT" - тарихи өңірде
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі

"Бүгіннен бастап "Кітап-AMANAT" жобасы аясында ашылған орталық жастардың рухани қазығына айналады. Алдағы уақытта бұл жерде кітап оқуға дәріптейтін іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырамыз", - деді "Щапов" бастауыш партия ұйымының мүшесі, Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінің жас мұғалімі Құбаш Райымбек.

Әр тасы тарихтан сыр шертетін қасиетті Жайық өңірі рухани қазынаның қорына иелік етпек. Бұл қуанышты жаңалықтың жаршысына айналып отырған "AMANAT" партиясы - көптеген игі істің бастамашысы болып келеді. Алғашқы "Кітап-AMANAT" дүкені Партия басшысы Ерлан Қошановтың қатысуымен партияның Алматы қалалық филиалының ғимаратында ашылған еді.

Бүгін де бірқатар өңірде ғылым мен білімге құштар оқырмандарды бір арнаға тоғыстыратын  орталықтар бой көтеруде. Соның бірі біздің өңір бойынша Бәйтерек ауданында ашылып отыр. Орталық партияның Бәйтерек ауданы Переметный ауылында орналасты. Осы арқылы партия ауылдағы ағайынның отандық әдебиетке, жалпы кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларға қолдау көрсетуді көздейді.

Аудандағы алғашқы кітап орталығының ашылу салтанатына Партия хатшысы Шолпан Каринова қатысып, жобаның мақсат-міндеттерін, негізгі алғы шарттарын түсіндірді. Сонымен қатар, БҚО "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов, Қазақстан жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, жазушы-журналист, "Орал өңірі" газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Бәйтерек ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі, партия ардагері, ардагер - ұстаз Николай Анципрович және басқа да қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері, ауылдың жас ақындары қатысты.

Іс-шара Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептегі бастауыш партия ұйымындағы жастардың қазақтың ұлы ақындарының өлеңдерін оқумен басталды.

Жиынды ашқан "AMANAT" партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бұл жоба облысымызда алғаш болып Бәйтерек ауданында жүзеге асып отырғанын атап өтті.Оның айтуынша, Бәйтеректің таңдалуына ықпал еткен факторлардың бірі - ауданның шекаралас аймақта орналасуы. Жоба сондай-ақ ауыл тұрғындарының қазақ әдебиетінің жаңа туындыларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Аудан әкімі Марат Тоқжанов мәртебелі меймандарға "қош келдіңіздер" деп айтып, партияның ірі жобасының бірі Бәйтеректе жүзеге асқалы жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Бұл жоба жастардың тек әлеуметтік желімен шектеліп қалмай, классикалық әдебиетке ден қоюына өзіндік үлесін қосарына сенім білдірді.

Өз кезегінде сөз алған "AMANAT" партиясының хатшысы Шолпан Каринова оқу мәдениетін дамытуға және отандық әдебиетті қолдауға бағытталған "Кітап-AMANAT" әлеуметтік жобасының маңызы мен мақсатына тоқталды.

"Қазір кітапханалар бар, кітап сататын дүкендер де аз емес. Ал "AMANAT" партиясы неге бұл жобаны қолға алып жатыр?" деген сауал көпшіліктің көкейінде туындайтынын анық. Мемлекет басшысы биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап ісі идеологиялық жұмыстарда жетекші рөл атқаруы керек екенін атап өткені белгілі. Қазақ әдебиетін, балалар әдебиетін дамту жөнінде біраз тапсырма берді. Президентіміздің саяси тірегі, ел тұрғындарының, соның ішінде ауыл халқының мұң-мұқтажына ден қоятын "AMANAT" партиясы өз ғимараттарының ішінде "Кітап-AMANAT" жобасын іске қосуды қолға алды. Ондағы мақсат – ел-жұртқа, соның ішінде жастарға кітапті барынша жақын ету. Бүгінде мазмұны да, иллюстрациясы да, басылу да жоғары сапалы кітап көп. Міне, соларды көпшілікке қолжетімді қылуымыз керек. Осы бағытта бүгінгі таңда еліміздегі оннан аса облыс орталығында осындай орталық қызметін бастады. Осындай орталық бүгін Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде ауданда ашылып жатқаны бізді қуантуда. Бәйтерек - "Кітап-AMANAT" жобасы жүзеге асқан еліміздегі екінші аудан. Жалпы мұндай кітап орталықтары әр аудан орталығында болғаны жөн", - деді Шолпан Танатқызы.

Іс-шараға арнайы шақырылған Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық "Орал өңірі" газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бала тәрбиесіндегі әдебиеттің рөлі туралы сөз қозғады.

"Былтыр Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының назарына республикамызға ортақ жеті-сегіз мәселені ұсындым.  Соның бірі – шекаралас аудандарға көңіл бөлу. Соңғы жылдары шекаралас аудандарда халық саны азая бастағанын көпшілік жақсы біледі деп ойлаймын. Бүгінде облысымыздағы шекаралас аудандарда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы көптеген мәселе шешіліп жатқандығы қуантады. Енді тұрғындардың рухани-интелектуалдық жағдайын да оңалтуға мән берілгені дұрыс. "Кітап-AMANAT" жобасы осы бағыттағы іргелі іс-шаралардың бірі деп ойлаймын. Құрғақ сөз, құр насихатпен жастарды әдебиетке алып келе алмайтынымыз анық. Сол себепті кітап оқуды әдетке айналдыруда аға ұрпақ, орта буын өздері үлгі болуы керек", - деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Сапалы кітаптардың ауыл тұрғындары үшін де қолжетімді болуы - партияның басты назарында. Сонымен қатар, Бәйтерек ауданы шекаралас аудан болғандықтан, ол жердегі ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өзегін айқындап, жастарды рухани байытатын бағытта іс-шаралардың болуының маңызы салмақты.

"AMANAT" партиясы Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Бибигүл Ахметжанова айтып өткендей, кітап орталығында қазір 600-ден астам әдеби кітап бар. Олардың ішінен жергілікті қаламгерлердің де еңбектерін табуға болады. Бұл жер ұнаған кітапты сатып, буккросинг арқылы алуға да болатынымен де ерекшеленеді.

Айта кетейік, аталмыш жоба аясында Бәйтерек ауданында ашылып жатырған кітап орталығының жерлестеріміз үшін үлкен қолдау екенін ескерсек, бұл болашаққа құйылған инвестиция іспеттес. Елдегі ағайынның, өскелең ұрпақтың отандық, әлемдік әдебиетке зейін қойып, автор мен шығарушыға деген құрметі еселенетіні тағы бар. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде орналасқан осынау орталықта алдағы уақытта түрлі рухани іс-шаралар ұйымдастырылмақшы.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған

Massaget.kz