- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҚСЗИ бас ғылыми...
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин 65 жасында дүниеден озды
Танымал ғалым, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин ұзаққа созылған сырқатынан соң өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұжымы марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына, дос-жарандарына орны толмас қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтты.
Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те марқұмның туыстарына көңіл айтты.
"Бүкіл саналы ғұмырын отандық ғылымның дамуына арнап, орасан үлес қосқан Мұрат Тұрарұлының өмірден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып көңіл айтамын. Сын сағатта сабыр сақтап, бекем болыңыздар", - делінген министрдің көңіл айту жеделхатында.
Мұрат Лаумулин 1982 жылы С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіндегі арнайы курсты бітірді. Одан соң өз білімін КСРО Ғылым академиясында жалғастырып, тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдарының докторы атанды.
Өзінің еңбек жолын қара шаңырақ Қазақ мемлекеттік университетінде бастап, әр жылдары ҚР ҰҒА Шығыстану институтында, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қауіпсіздік және қарулы бақылау басқармасында, Германия Федеративтік Республикасында Қазақстан Республикасының елшілігінде, ҚР Сыртқы істер министрлігінде еңбек етті.
Мұрат Лаумулин бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат, Орталық Азия геосаясаты, Қазақстанның Батыспен қарым-қатынасы, АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиясы, Орталық Азиядағы ЕО стратегиясы бағытында ондаған монографиялар мен жүздеген мақалалар жазған ғалым. Олардың ішінде кәсіби ғылыми ортада мойындалған 4 томдық "Әлемдік шығыстанудағы Қазақстан және Орталық Азияның тарихы" еңбегі де бар. Ғылымда өзіндік бір бағыт - әлемдік геополитикадағы Орталық Азияны зерттеу мектебін қалыптастырып дамытты.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты құрылған күнінен бастап қызмет етіп, елдегі аналитиканың қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырды. Сарапшылар қауымы Мұрат Лаумулинді "ҚСЗИ бренді" деп атап кеткен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан