6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Табиғи апат салдарынан Түркия мен Сирияда 50 мыңға жуық адам қаза тапты. Massaget.kz тілшісі Қазақстан тарапынан Түркияға қандай көмек берілгеніне шолу жасады.
Тоқаев шұғыл тапсырма беруді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркиядағы зілзалаға қатысты шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Осылайша, көмекке құтқарушылар мен дәрігерлер баратыны белгілі болды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісі салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады", - делінген еді хабарламада.
Тоқаев пен Ердоған сөйлесті
Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Телефон арқылы сөйлесу барысында Президент Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адам қаза табуына байланысты Режеп Тайып Ердоғанға қайғыра көңіл айтты. Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сонымен қатар, бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Құтқарушылар Түркияға аттанды
Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Алматыдан жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Борт Газиантепке барды. Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері болды.
Топ көпжылдық тәжірибесі бар құтқарушылардан жасақталған.
Құтқарушылар үйінді астынан қаза болған адамдарды шығарды
Қазақстандық құтқарушылар Түркияның Ибрахимили ауданында іздестіру-құтқару жұмыстарын істеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқару жасағы екі топқа бөлінген.
Жер сілкінісінен 76 сағат өткен соң құтқарушылар әкесі мен оның екі баласын үйіндінің астынан алып шықты.
Осылайша, қазақстандық құтқарушылар 7 адамды құтқарып, 88 адамды үйінді астынан алып шыққан. Оның ішінде 10 баланың денесі шығарылып, 250 мың текше метрден аса үйінді бөлшектелген.
Түркияда жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысып жатқан елордалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Олжас Рахметовтің төртінші баласы дүниеге келді.
Қаржы бөлінді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды.
Құтқарушылардың екінші тобы жіберілді
Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Ведомство мәліметінше, екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, ішінде ТЖМ құтқарушылары, апат медицинасы орталығының дәрігерлері, кинологиялық есептері бар. ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде апат-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан аса түрі бар.
Қазақстан ТЖМ екінші тобы Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылған. Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны - 100 адам.
Құтқарушылар кеше түнде Қазақстанға оралды. ТЖ министрі Юрий Ильин мен Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи құтқарушыларды күтіп алып, атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді.
Апат аймақтарында киіз үй тігілді
Танымал журналист Нұрбек Бекбау бастаған қазақстандықтар Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге киіз үй орнатуды ұсынды.
Кейінірек қазақстандықтар 100-ден аса киіз үй тігіп жатқаны белгілі болды.
55 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Гуманитарлық көмекте жалпы салмағы шамамен 55 тонна киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажет заттар болды. Жүктер әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтілді.
Жер сілкінісі кішкентай балаларды да бей-жай қалдырмады
Кішкентай астаналық қыз Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен балаларға жинаған ақшасын берді. Ақша жинауға өз қолымен жасаған қорап Түркия елшілігіндегілердің жүрегін елжіреткен еді.
Ал Шымкентте оқушы анасы түскі асқа деп берген ақшаны Түркияда зардап шеккендерге жұмсады. Бұл туралы "Добряки Шымкента" еріктілер клубы хабарлады. Клуб мүшелері желімдейтін қораптарды видеоға түсіргелі жатқанда Павел есімді бала кіріп келген. Ол анасының түскі асқа деп берген ақшасына макарон сатып алып, Түркияға беріп жібергісі келгенін айтқан. Оқушы клубтың мекенжайын әлеуметтік желіден тауып, жаяу жетіпті. Сол үшін бірінші сабағына үлгермей қалған.
Ақшалай көмек те жиналды
Қазақстандықтар жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға көмек ретінде 616 мың доллар жинады. Бұл туралы ақпарат Түркия елшілігінің Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланды.
Айта кетейік, әлем елдерінің құтқарушылары көмекке Түркияға барған болатын. Сондай-ақ, Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант елдің қауіпсіздік күштері қолдау көрсетуге дайын екенін айтқан. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг жер сілкінісінен зардап шеккендерге шұғыл түрде көмек жұмылдырылатынын хабарлады. Әлемдік БАҚ мәліметінше, Илон Маск та Starlink терминалдарын жер сілкінісі салдарын жою кезінде қажет болған жағдайда Түркияға көмек жіберуге дайын екенін жеткізген..
Еске салайық, бұған дейін 6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!