Қазақстанда қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ІІМ мәліметінше, қыркүйекте Астана, Өскемен қалаларында және Алматы облысында 40 млн теңге көлемінде ақша талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталған.
Олардың үшеуі бұрын сотталған, соның ішінде адам өлтіргені үшін сотталғандары да бар. Тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ, бірнеше қымбат көлік тәркіленген.
Құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және жолын кесуге бағытталған осындай іс-шаралар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында да жүргізілген.
Осы деректер бойынша 50-ден аса адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
"Заңсыз айналымнан 10-нан аса атыс қаруы және травматикалық қару, оларға тиесілі оқ-дәрілер тәркіленді. Жәбірленушілердің 77 млн теңгеден аса қаражатын иемденуге жол берілмеді", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!