Кіріс-шығыс, кредит, мүлік: жәрдемақыға мұқтаж жандар қалай анықталады?

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтаудың жаңа әдістемесі күшіне енеді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшысы жаңа әдістеме 2026 жылғы 4 қазанда бекітілгенін айтты. Ол екі компоненттен, яғни отбасының материалдық әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығынан тұрады. 2023 жылдан бері қолданыста болған бұрынғы әдістеме 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жояды.

Бірінші компонент алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды. Бағалау кезінде отбасы мүшелерінің табысы, жұмыспен қамтылуы, кредиттері, мүлкі, көлігі, бизнесі мен шаруашылығы болуы ескеріледі.

Талдауға қажет мәлімет мемлекеттік деректер базасынан алынады. Азаматтарға қосымша анықтама жинап, мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Бағалау бірыңғай критерий бойынша автоматты түрде жүргізіледі.

Екінші компонент отбасына түсетін әлеуметтік жүктемеге қатысты. Оны есептеу кезінде отбасының құрамы, соның ішінде балалар, қарттар және мүгедектігі бар адамдар болуы ескеріледі.

Министрдің айтуынша, табыс деңгейі бірдей болуы әл-ауқат деңгейі бірдей екенін білдірмейді. Асырауында адам саны көп отбасылар әлеуметтік жүктемені ескере отырып, материалдық және әлеуметтік жағдайы бойынша төменірек баға алуы мүмкін.

Бағалау нысаны жеке жәрдемақы алушы емес, тұтас отбасы болады. Есептеу кезінде бір мекенжай бойынша тіркелген отбасы мүшелері, сондай-ақ, белгіленген тәртіпке сәйкес бірге тұратын туыстар мен басқа да адамдар ескеріледі. Әдістемеде жалғызбасты ата-аналар мен отбасы мүшелері бөлек тұратын жағдайлар бөлек ескеріледі.

Жаңа әдістеме әлеуметтік көмектің барлық түріне қолданылмайды. Министрдің сөзінше, әлеуметтік көмектің 36 түрінің ішінен республикалық бюджеттен берілетін 22 төлем бұрынғы тәртіппен сақталады.

Азаматтардың кейбір санаттарына, яғни Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге, зиян еңбек жағдайында жұмыс істегендерге, мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған жандарға берілетін төлемдер туралы сөз болып отыр.

Осылайша, жаңа әдістеме енгізілуі барлық мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі қайта қаралады дегенді білдірмейді. Өзгерістер тек отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін бағалау қарастырылған әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!