- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кіріп-шыққан сайын қорқып...
"Кіріп-шыққан сайын қорқып отырасың". Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары апатты үйде тұрып жатыр
Маңғыстау облысындағы Сайөтес ауылында 10-нан астам отбасы апатты үйлерде тұрып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Екіқабатты 3 үй кезінде теміржол қызметкерлеріне арналып салынған еді. Кейін жекеменшікке өткен. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Жуырда сараптама жасалып, апатты деп танылды. Апатты жағдайдағы үйлерде 11 отбасы тұрады. Кейбірі мүгедек бала тәрбиелеп отыр. Көшіп кетуге тұрғындардың шамасы жоқ.
"Қиын мына жерде тұру. Кіріп-шыққан сайын қорқып отырасың. Балаларымыздың өмірі үшін қорқамыз, әңгіменің шыны керек", - дейді ауыл тұрғыны Текебай Әбішев.
"Екі күннің бірінде жаңбыр. Су ағып отыр төбесінен. Ауданда жасайтын мамандар келіп кетті. Онымен нәтиже жоқ", - дейді тағы бір тұрғын Тазагүл Мұқанова.
Жауапты мамандардың сөзінше, мәселені шешу үшін комиссия құрылды.
Ауыл әкімі алдағы уақытта апатты үйлерден тұрғындар көшірілетінін, әзірге уақытша баспана ұсынып жатқандарын айтты.
"Егер біз эвакуациялайтын болсақ, арнайы мектептің акт немесе спорт залдарына немесе белгілі бір орындарға эвакуациялаймыз. Ал тұрғындардың ол орындарға бармайтыны белгілі. Сондықтан біз тұрғындарға әртүрлі ұсыныс айтып жатырмыз. Қазір облыс бюджетінен қаржысы қаралып жатыр. Бір қабатты 4 үй салуға", - дейді ауылдық округ әкімі Сабыржан Әбдиев.
Жаңа үйлердің құрылысы таяу жылдары басталады деп күтіледі. Осы ауылдағы тағы 19 үйдің шатырын жөндеп, сыртын сылауға бюджеттен қаражат сұралған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина