Крокус Сити Холлдағы терактіде қаза тапқандар саны 139-ға дейін өсті. Бұл туралы 25 наурызда Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин президент Владимир Путинмен кездесуінде лаңкестік шабуылдың жағдайы туралы баяндамасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Известияға" сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың жалпы санының 75-інің жеке басы анықталған, оқ жарақатынан 40 адам, өрттен 45 адам қайтыс болса, екеуі емдеу мекемелерінде көз жұмған.
Александр Бастрыкинның айтуынша, тергеу комитеті ойын-сауық орталығында болған оқиғаның толық хронологиясын белгілеген.
"Төрт орындаушыға айып тағылды. Олар жауап алу кезінде және сотта кінәсін мойындап, тапсырыс берушілер мен оларға көмек көрсеткен адамдар туралы егжей-тегжейлі айғақ берді. Тергеу барысында орындаушыларға көлік, пәтер және ақша берген тағы үш адам ұсталды", - деді ТК басшысы.
Еске салайық, 23 наурызға қараған түні Ресейлік Telegram-арналар мен БАҚ-та Мәскеуде теракт болғаны туралы ақпарат тарады. Атыс кезінде ғимаратта 6200-ге дейін адам болуы мүмкін – сол күні болуы керек концертке билеттер түгелге жуық сатылып кеткен. Соңғы мәліметтер бойынша, 133 адам қаза тауып, тағы 140 адам жараланған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз