- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кремльдің марапатын қайтарып,...
Кремльдің марапатын қайтарып, Путинді басқыншы деген Вахтанг Кикабидзенің өмір жолы
Кеше танымал грузин актері, әнші Вахтанг Кикабидзе дүниеден өтті. Ол халық есінде "Мимино", "Не горюй!" фильмдерімен, "Чито-гврито", "Мои года" әндерімен қалды. Massaget.kz тілшісі өнер иесінің шығармашылығына шолу жасап, тырнақалды туындаларын еске алды.
Вахтанг Кикабидзе - кеңестік және грузин әншісі, түрлі ән авторы, кино актері, кинорежиссер, сценарист, саясаткер. Ал 2020 мен 2023 жыл аралығында ол Грузия Парламентінің депутаты болды.
Князь әулетінің ұрпағы
Актер 1938 жылы Тбилисиде өнер адамдарының отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Константин Кикабидзе журналист, анасы Манана Багратиони бүкіл Кеңес Одағына танымал әнші болған. Ал әжесі Ольга Амирэджиби князь әулетінен шыққан.
Өнерпаздың әкесі соғысқа кеткеннен соң оралмайды. Анасы отбасын жалғыз асырауға мәжбүр болады. Вахтанг Кикабидзеді мектеп өмірі онша қызықтырмаған, оның үлгерімі нашар болғаны сонша, үш жыл қатарынан бір сыныпты бітіре алмаған. Кіші кезінде әнші музыкаға да әуес болмаған, тек анасының айтуымен операға үнемі баратын. Жоғары сыныпта оқып жүргенде Буба (достары солай атап кеткен - еск.) музыкамен айналысып, топта ән айта бастаған.
Кейін ол жергілікті ансамбльде өнер көрсетіп, барабанда ойнаған, түрлі ауыл кешінде достарымен жиналып, гитарада ән шырқаған.
"Біз қаладағы балалар сияқты жиналып, гитарамен ән шырқайтын едік. Бүкіл квартал жігіттері жиналатын. Менен бірер жасқа үлкен Зураб бірде маған: "Мұнда неге ән айтып отырсың? Мен медицина институтында джаз оркестрін ұйымдастырдым, сонда кел" деп шақырды. Мен үшін бұл күтпеген тосынсый болды, қуана бардым. Микрофонды да алғаш сол кезде қолыма ұстадым. Содан кейін көше кезбейтін болдым", - деді өнер иесі бір сұхбатында.
Ол 1966 жылы "Орера" ансамблі (ұрмалы аспаптар, вокал) мен "Диэло" квартетінде өнер көрсеткен.
liveinternet.ru
"Чито-гврито"
Өнер жолын алдымен актер ретінде бастаған Вахтанг Кикабидзе 1966 "Встреча в горах" фильміне түседі. Ал 3 жылдан кейін "Не горюй!" фильмінде Бенджамен Глонти кейіпкерін сомдайды. 1977 жылы көрерменге жол тартқан "Мимино" фильмі өнер иесін танымал етеді. Сонымен қатар, ол бұл фильмде "Чито-гврито" әнін орындап, халық есінде қалады.
Әнші "Не горюй!" кинокартинасында да "Ты еси лоза" әнін айтып, өнерін көрсетті.
Актер 1965 жылы Тбилиси академиялық опера театрының прима-балеринасы Ирина Кебадзеге үйленді. Ерлі-зайыпты екі бала тәрбиелеп өсірді. Кикабидзенің айтуынша, әйелі өмірдің ең қиын сәттерінде жанында болып, әрқашан қолдау көрсеткен. Өнер иесі 2021 жылғы қазанда ауырып қайтыс болған әйелінің өліміне қатты қайғырған.
"Мои года - мое богатсво"
Вахтанг Кикабидзеге әнші ретінде атақ әкелген әні "Мои года" 1980 жылы жарық көрген. Ән шыққанда ол 40 жаста болған еді. Әннің танымал болғаны сонша, соған байланысты түрлі қанатты сөздер де пайда болған.
Ал өнерпаз бірде осы әнмен болған қызық оқиғасын бөлісті. Ол бір күні Тбилисидегі пәтеріне оралғанда есіктің сынғанын байқаған, алайда шабуылдаушылар ештеңе алмаған. Үстел үстінде ашық бөтелке коньяк, ал қасында мәтіні бар жазба қалдырып кеткен: "Бұл сіздің пәтеріңіз екенін білмедік. Қаладағының бәрі сізді аздап ауырып жатыр дейді, сондықтан сіздің денсаулығыңыз үшін тілек айтып, алып қойдық. Ал енді мұндай қайталанбас үшін есікке тегіңізді жазып қоюыңызды өтінеміз".
Ресейдегі өмірі мен саяси көзқарасы
Вахтанг Кикабидзе ұзақ уақыт Ресейде тұрып, шығармашылықпен айналысқан. Алайда 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы әскери қақтығыстан кейін өнерпаз Ресейден кетіп, отанына оралатынын хабарлады. Ол Мәскеуде жоспарланған кештерін өткізбей, сол кезден бастап Ресейге аяқ баспаған. 2014 жылы актер украиналық "Сегодня" басылымына берген сұхбатында "Антитеррористік оперция құрамында болып, елімді жаудан қорғайтын едім" деді, ал Путинді "қара күш саясаткері", "басқыншы" деп атады.
2018 жылы Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында 1991 жылы КСРО-ның ыдырағанына қуанғаны сонша, дастархан жайғанын айтты. Ал 2022 жылғы Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық әрекетін сынап тастады.
2011 жылы Тбилисиде орталық алаңдардың бірінде "Мимино" фильмінің ескерткіші ашылды, онда Кикабидзе мүсінінен басқа режиссер Данэлия, Фрунзик Мкртычян мен Евгений Леоновтың мүсіндері бейнеленген.
2013 жылы актер "Лицо кавказской национальности" деген атпен кітап жазып жатқанын айтқан. Алайда оның түрлі ұлт өкілі туралы бірнеше әңгімеден тұратын кітабы 2016 жылы "Они" деген атпен жарық көрді.
Вахтанг Кикабидзеге "Встреча в горах", "Не горюй!" "Хатабала", "Мимино" сынды 30-дан аса картинаға түсіп, 19 музыка альбом шығарған, сондай-ақ, бірнеше әніне бейнеклип түсірді.
Ол - тек Грузияның ғана емес, Украинаның да еңбек сіңірген әртісі. Cонымен қатар, оның Құрмет ордені, Халық әртісі сынды мемлекеттік наградалары бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек