Кредит төлемей, шетелге көшіп кетуге бола ма? Бұл жағдайда заң бойынша қандай жаза қарастырылған? Банкке қарызы барлар оны төлемей шетелге кетіп қалса, елге оралғанда қамауға алына ма? Заңгер Мәулен Спанкулов Massaget.kz тілшісіне бұл сұрақтардың жауабын айтты.
"Егер шетелеге шығуға тыйым салынбаса (арест - еск.), кредит төлемей, шетелге көшіп кетуге болады. Қарызыңыз 40 АЕК-ден (138 мың теңгеден) асса тыйым салынады. Қандай жағдайда арест қойылады? Егер сіз төлем күнінен 90 күн кешіктірсеңіз, шетелге шыға алмайсыз. Кей жағдайларда банктер сот орындаушысын араластырмай, банк шоттарына арест қоя алғанымен, шетелге шығуға тыйым сала алмайды. Оған тек сот орындаушысы құқылы", - дейді заңгер.
Заңгердің айтуынша, қарыз бола тұра шетелге кетсеңіз, банк карталары бұғатталады.
"Сіз шетелге кетіп қалсаңыз, қазақстандық карталарыңыз арестке түседі. Банктер азаматтық кодекске сәйкес сізге қарсы талап арыз жазып, сотқа жүгінеді. Соттың шешімі шыққан соң, шот, мүлік арестке қойылады. Алайда сіз түрмеге қамалмайсыз", - дейді ол.
Мәулен Спанкулов аресті бар-жоғын қай жерден тексеріп алуға болатынын айтты.
"Қарыз немесе кредит тарихы визаға әсер етпейді. Шетелге шығуға арест тұрмаса болғаны. Көбіне сот орындаушылары шетелге шығуға арест қоя бермейді. Ал оны Әділет министрлігінің сайтынан тексере аласыз. Қарызыңыз бола тұра шетелге кетіп қалсаңыз, елге қайтып келгенде қамауға алынбайсыз. Бірақ елге оралған соң шетелге қайта шыға алмайсыз", - дейді заңгер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!