Бұдан бірнеше күн бұрын Астанада ер адам кранға шығып алып, өзін өртейтінін айтты. Оқиға орнында өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды райынан қайтарған куәгер табылды. Massaget.kz тілшісі куәгермен сұхбаттасып, оқиғаның мән-жайын анықтады.
Ер адамды райынан қайтраған куәгер - Арғын. Ол оқиға орнына басшысының қоңырауынан бірден жеткенін айтты.
"Мен басқа объектіде жұмыс істеп жатыр едім. Оқиға орнына барған кезде адам көп еді. Маған кранға мін деді. Мен мініп, оны (кранды - еск.) сазға қарай бұрдым, құласа сазға құласын дедім. Әйтпесе, трассаға құлайтын еді, одан аман қалу екіталай. Кран шамамен 9 этаж үйдің биіктігінде болды. Бұрып болған соң, асықпай қасына барып сөйлестім. Кейін жанымызға тағы бір әріптесім келді. Әріптесіммен "ер адам құласа, бірге құлаймыз" деген шешім қабылдадық. Сөйлесе келе, оның жерлесім екенін, Петропавлдан екенін білдім. Оны ұстап тұрғанда полиция өкілі хабарласып, прокурор келгенін айтты. ТЖД қызметкерлері келгенше оны ұстап тұрдым. Кран ішінен сөмкесін таптым, оның ішінде бензин болды", - деді куәгер.
Куәгердің айтуынша, ер адам құрылыс орнының қоршауынан секіріп кірген. Ол да басқа объектіде құрылысшы болып істегендіктен басында каскасы, арнайы жабдықтары болған.
Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті өкілдері растады. Полиция мәліметінше, оқиға орнына жедел қызмет өкілдері жеткен.
Болжам бойынша, ер адам СҚО-дағы 220 гектар ұжымдық шаруашылықтың жер учаскесіне қатысты жер дауында сот шешіміне наразы. Мәтінде бұл жер учаскесі ер адамның отбасына тиесілі екені айтылған. 2002 жылы жерлер 2051 жылға дейін жеке кәсіпкерге жалға берілген. Ол табыстың 10 пайызын отбасыға беруі керек еді, алайда кранға шыққан адамның туысының айтуынша, жалға алушы жалдаудың алғашқы күндерінен бастап өз міндеттерінен жалтарған.
2021 жылғы желтоқсанда ер адамның отбасы әкімдік оларды жер учаскесіне құқығынан айырғанын және оны 30 жыл мерзімге сол жеке кәсіпкерге пайдалануға бергенін білген.
Енді ер адам Астанаға "әкімдіктің ЖК-ні 30 жыл мерзімге жалға беру туралы қаулысын заңсыз деп тану, сондай-ақ, шығындарды өтеу" талабымен келген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!