Краковтағы қанды оқиға: күдікті алдымен өз отбасын өлтірген

Краковта көшедегі адамдарға оқ жаудырған ер адам бұған дейін өз ата-анасы мен қарындасын өлтірген. Оның үйінен үш адамның мәйіті табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Польшаның бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.

Краковтағы қайғылы оқиға

7 қарашада Краков қаласының орталығында қанды оқиға болды. Subaru көлігін тізгіндеген 24 жастағы Польша азаматы Михал О. базардағы адамдарға оқ жаудырған.

Польша билігінің жаңартылған мәліметіне сәйкес, шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің арасында шетел азаматтары да бар.

Полиция қызметкерлері шабуыл басталғаннан бірнеше минут өткен соң күдіктіні тоқтатқан. Атыс кезінде қаскөйдің өзі де жараланып, ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, екі полиция қызметкері ауыр жарақат алған.

Шабуыл жасаған ер адам ата-анасы мен қарындасын өлтірген

Құқық қорғау органдары күдіктінің Островец-Свентокшиски қаласындағы пәтерін тінткен.

Fakt.pl басылымының полиция өкілі Анджей Фиолектің ресми мәлімдемесіне сүйеніп хабарлауынша, пәтерден оқ жарақаттары бар екі әйел мен бір ер адамның мәйіті табылған.

Польшаның премьер-министрі Дональд Туск пен елдің Ішкі істер министрлігі қаза тапқандар күдіктінің анасы, әкесі және қарындасы екенін растаған.

Шабуыл жасаған ер адам туралы не белгілі?

Onet.pl порталы мен Polskie Radio 24 агенттігі Краков прокуратурасы мен Польша Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сүйеніп, күдікті туралы қосымша деректер жариялады.

Күдікті жонушы болып жұмыс істеген. Шабуыл кезінде әскери үлгідегі күрте кигенімен, оның әскери қызметке ешқандай қатысы болмаған.

Ер адам атыс кезінде AR-15 автоматын пайдаланған.

Ал Краков орталығына келген көлігі мен қолданылған қарудың бір бөлігі 52 жастағы әкесінің атына тіркелген. Оның әкесі жалпы саны 11 спорттық және аңшылық қаруды заңды түрде иеленген.

Михал О. өзі де ату клубының мүшесі болған және екі қаруды сақтауға ресми рұқсаты бар екені анықталған. Бұған дейін күдікті де, оның әкесі де қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.

Қылмыстың ықтимал себептері туралы айтқан Польшаның ішкі істер министрі Марцин Кервиньский алдын ала мәлімет бойынша күдіктінің жалғыз әрекет еткенін және радикалды әсіре оңшыл көзқарасты ұстанғанын мәлімдеді.

Польша прокуратурасы күдіктіге жаппай адам өлтіру және террорлық акт жасау баптары бойынша айып тағуға дайындалып жатыр.

Қайғылы оқиғаның ауқымына байланысты елде жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!