Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский қазақстандықтардың сезіміне нұқсан келтіретін мәлімдемелерден кейін жағымсыз мәртебеге ие болды. Украина жаңа елші тағайындайды. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадиров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ресей СІМ өкілі Захарованың украиналық елшіні Қазақстаннан шығаруға қатысты пікіріне байланысты оның мәлімдемесінің мәнері Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктестер ретіндегі одақтастық қатынастарының сипатына сәйкес келмейтінін атап өткім келеді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан СІМ Врублевскийдің арандатушылық пиғылына қатысты ұстанымын жұртшылыққа жеткізді. Сондай-ақ, Украина тарапына Петр Врублевскийдің қазақстандықтардың, әсіресе, этникалық орыстардың сезіміне нұқсан келтіретін мәлімдемелері туралы айтылды. Украина тарапына да мұндай мәлімдемелердің елшінің жұмысымен сәйкес келмейтіні туралы айтылды. Украиналық тарап мұны түсіністікпен қабылдады және оны қайтарып алу туралы келісімге келді. Қазір Украина СІМ-ден Астанадағы жаңа елшіні тағайындау туралы өтініш түсті. Украина тарапымен осы мәселе бойынша арада толық түсіністік бар екенін атап өткім келеді. Украина елшісі біздің елімізде жағымсыз мәртебеге ие және Қазақстан СІМ-де немесе басқа да мемлекеттік ведомстволарда кездесулер жоспарланып отырған жоқ", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол Захарованың елшіні қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы үндеуіне пікір білдірді.
"Ресей СІМ өкілі қандай қылмыстық жауапкершілік туралы айтып отырғанын түсіне алмаймыз, өйткені Украинаның Қазақстандағы елшісі Вена конвенциясына сәйкес дипломатиялық иммунитетке ие", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!