Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram желісіндегі жазылушыларының саны 1 миллионнан асты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды.
"Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Президент "халық үніне құлақ асатын мемлекет" концепциясын іске асыру барысында халықпен тікелей байланысқа ерекше көңіл бөледі. Тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау үшін Қазақстан Президентінің Виртуалды қабылдауы ашылды. Бүгінде оған 6673 өтініш келіп түскен", - деді Берік Уәли.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Қазақстан Президенті Twitter және Instagram желісіндегі парақшаларын белсенді жүргізеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта Instagram желісінде бейресми сәттерде түсірілген суреттер мен бейнероликтер жариялауды да жоспарлап отыр.
Президенттің Instagram парақшасы 2019 жылдың 1 сәуірінде ашылған. Қасым-Жомарт Тоқаев 9 ай ішінде парақшасына түрлі шараларға, кездесулер мен сапарларына қатысты 60 пост жариялаған.