Әлихан Смайылов ҚР премьер-министрі қызметіне тағайындалды. Жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
"Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының премьер-министрі лауазымына тағайындалсын", - делінген жарлықта.
Бүгін өтіп жатқан Мәжіліс отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынды. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдап, Әлихан Смайыловтың Үкімет басшысы болып тағайындалуына келісім берді.
"Nur Otan", "Ақжол", "Қазақстан Халық партиясы" депутаттары Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайылов кандидатурасын қолдады.
Еске салайық, 5 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Әлихан Смайылов премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.
Айта кетейік, Әлихан Смайылов 2015 жылдан бері Мемлекет басшысының көмекшісі қызметін атқарған болатын. Оған дейін 2009-2014 жылдар аралығында Қазақстан Статистика агенттігінің төрағасы болды. Осы күнге дейін екі рет қаржы министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ал 2019 жылы Үкімет отставкаға кеткенге дейін қаржы министрі болды. 2019 жылы 25 ақпаннан бастап премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі қызметіне мақұлданды.