- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҚР Қорғаныс министрі...
ҚР Қорғаныс министрі «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығу алаңында болды
ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Жамбыл облысы «Мәтібұлақ» полигонындағы «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығу алаңында болып, заңсыз қарулы құралымдарды оқшаулау және жою бойынша бригадалық тактикалық топтың іс-қимылдарын бақылады.
Ресми сапар кезінде қарулы күштер басшысы «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының шешуші кезеңінің барысымен де танысты. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынмен бірге оқу-жаттығу полигондарының жабдығы мен инфрақұрылымын тексеріп, сондай-ақ оқу-жаттығудың жетекшісі генерал-лейтенант Мұрат Майкеевті әскерлердің оқытылу нәтижелері туралы тыңдады.
Жұмыс сапарының нәтижелері бойынша қорғаныс ведомствосының басшысы «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы Қарулы Күштерді дамыту және қолдану аясында жауынгерлік даярлықты ұдайы жетілдірудің, сондай-ақ армияның еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға әзірлігінің көрсеткішіне айналды. Одан басқа, оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі оқу-жаттығу басшылығына нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, 12 қыркүйектен бері елімізде «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Оған 10 мыңға жуық әскери қызметші, 1500 бірліктен аса жауынгерлік техника, 40-тан аса ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің кемелері қатысуда. Оқу-жаттығу жұмыстарының негізгі мақсаты - Қарулы Күштердің барлық түрлерінің (жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдерінің өзара іс-қимылы, әскери барлау күштері мен құралдары) дайындығын тексеру болып табылады.
О. Сансызбай