- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кір жуғыш машинаны...
Кір жуғыш машинаны бұзатын бес қателік
Қарапайым қателіктер киіміңізді зақымдап қана қоймай, техника жұмысының тиімділігіне әсер етеді. Мұндай проблемалар орын алмас үшін кір жууға қатысты ұсыныстарды міндетті түрде сақтау керек. Сондай-ақ мына кең тараған қателіктерді жібермеуге тырысыңыз.
Кір жуғыш ұнтақты көп салу
Кей адамдар кір жуғыш құралды қаншалықты көп қолданса, киімдер соншалықты жақсы жуылып, таза болып шығады деп ойлайды. Алайда кір жуғыш құралды көп құйсаңыз, артық көбік пайда болады. Ол дұрыс шайылмайды, сол үшін киімдеріңіз жабысқақ болып шығады, оған ластық, шаң, бактерия көп жиналады. Ал егер киімдеріңіз қара түсті болса және көбік дұрыс шайылмаған болса, қара киімде ақ іздер қалып қояды. Кір жуғыш құралдың сыртында киім көлеміне қарай оны қанша құю керегі жазылып тұрады. Сол ережені сақтаңыз.
Кір жуғыш машинаны тазаламау
Кір жуғыш машина қаншама кір киімді жуады. Арасында машинаның өзін де жуып тұру керек. Киімнен қалған ластық, жуушы құралдың қалдықтары, зең және басқа да ластықтар уақыт өте кір жуғыш машинаның ішіне жиналады. Оны тазарту үшін өзін-өзі жуу циклін қосыңыз немесе сірке суын құйып, ыстық сумен бос машинаны жуылуға қосыңыз. Міндетті түрде есігі мен резеңкені сүртіп шығыңыз. Әйтпесе, киімдерден жағымсыз иіс шыға бастайды және кір жуғыш машина бұзылады.
Сарғайып кеткен ақ киімдерді қалай ағартамыз?
Машинаға киімдердегі сыдырма ілгекті жауып, ал ілгектерді ашып салмау
Егер киімнің сыдырма ілгегі ашық тұрса, оның шеттері басқа киімдерді зақымдауы мүмкін. Сондықтан киімді машинаға салмас бұрын барлық киімнің қалталарын тексеріп, сыдырма ілгектерін жауып шығыңыз. Ал қарапайым ілгектерді ашып қою керек.
Кір жуғыш машинаның есігін жауып қою
Ылғал мен бактериялар кір жуғыш машинаның есігіне жиналады. Кір жуғыш машинада бактерия болмас үшін және одан жағымсыз иіс шығып кетпес үшін әр кір жуғаннан кейін барабан мен резеңке кепкенше есікті ашық қалдырыңыз. Бірнеше сағаттан кейін оның есігін жаба берсеңіз болады және кебу процесін жылдамдату үшін кір жуғыш машинаның есігі мен барабанын құрғатып сүртіп алған дұрыс.
Кір жуғыш машинаға көп киім салу
Жуатын киімдерді тез бітіру үшін машина ішіне тағы бір-екі киім салып жібергіңіз келуі мүмкін. Алайда олай сіз кір жуу тиімділігін азайтасыз және кір жуғыш машинаға күш түсіресіз. Әсіресе, сүлгі секілді су тигенде ауырлайтын заттарды және ауыр маталарды жуғанда олардың көлеміне мән беріңіз.
Кроссовканы қалай дұрыс жуу керек?
А. Жапатова