Әлеуметтік желілерде кір жуғыш машинаның ішінде отырған мысықтың видеосы тарады. Кадрлар жұрттың ашу-ызасын туғызды: желі қолданушылары оқиғаның мән-жайын тексеріп, жануарға қатыгездік жасап-жасалмағанын анықтауды талап етіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео Threads әлеуметтік желісінде жарияланған. Жазба авторы шұғыл түрде араласып, жануарды алып кетуді сұраған.
"Мына әйелден мысықты тез арада алып кетіңдер! Оның нөмірі менде жоқ, таныстарың болса табыңдар, қандай да бір жолын жасап, мысықты алып кетіңдерші, өтінемін", - делінген жазбада.
Видеода мысық кір жуғыш машинаның барабанында отырғаны көрінеді. Машина қосулы, жуу режимі жүріп жатыр. Бейнежазбадан жануардың ішінде қанша уақыт болғаны және жағдайдың немен аяқталғаны нақты түсініксіз.
Кейін автор тағы бір жазба жариялап, орналасқан жерін көрсеткен.
"Мысықты алып кете алатын адам бар ма? Талдықорғанда таныстар бар ма?" - деп жазды қазақстандық әйел.
Біраз уақыттан соң жазба авторына мысықтың иесі хабарласқан. Оның айтуынша, өзі Алматыда жүргенде мысықты уақытша қарай тұруға қалдырған.
"Маған мысықтың иесі жазды. Оның айтуынша, Алматыға шаруамен барғандықтан, мысықты уақытша қарауға біреуге қалдырған. Өзі бұл жағдайға қатты шок болғанын, мысықты таңертең алып кететінін айтты. Мысық өзінікі екенін дәлелдейтін материалдар жіберді. Енді әйелге қайта бермейтінін уәде етті. Мысық аман, таңертең видеоесеп күтемін", - деп жазды автор.
Алайда кейінірек ол бұл жағдайға күмән келтіргенін жасырмады.
Видео әлеуметтік желілерде тез тарап, үлкен дау тудырды. Пікірлерде қолданушылар жануардың тағдырын дереу анықтауды талап етті.
Кейбірі құқық қорғау органдарына арыз түсіргенін айтты.
"Мен e-Otinish арқылы Алматы полиция департаментіне арыз жаздым. Бейжай қарамайтындар, солай жасаңыздар. Арыз көп болса, процесс те тез жүреді", - деп бөлісті пікір қалдырушылардың бірі.
Көпшілік мысықтың жағдайын да сұрап жатты. Тіпті мысықты алып кетуге дайын адамдар да табылды.
Редакция Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау жолдаған. Материал арияланған сәтке дейін жауап түспеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!