Елбасының 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты арнайы тапсырма жүктеген еді. Осыған байланысты аталған министрлік Елбасы тапсырмасын орындау мақстатында бірқатар шаруалар атқарып жатыр. 14 қыркүйекте Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жеке логотипін әзірлеуге конкурс жарияланды. Байқауды ұйымдастырушы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі. Барлық ұсыныстар 14 қыркүйек пен 12 қазан аралығында қабылданады. Байқауға 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жеке логотипін дайындау конкурсына арналған барлық жұмыстар брендбукпен қабылданады. Ұйымдастырушылар талабы бойынша, логотип жинақы, заманауи, мағыналы, түсті және монохромды нұсқада жақсы көрінуі тиіс. Ең негізгі талаптардың бірі, бұл белгі бағдарламаның тұжырымдамасын айқын көрсетуі керек. Жеңімпаздар комиссия мүшелерінің дауыс беруі арқылы анықталады. Үздік жұмыстың авторымен ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес Агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы логотипін қолдану құқығын беру келісімшарты жасалып, конкурс ұйымдастырушыларына логотиптің векторлық кескіні ұсынылады. Қосымша ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.