Желіде Ернат Мелсұлы деген қоғам белсендісі "көзі ойылған" Алаш қайраткерлері бейнеленген худилер сатылып жатқанын жазған. Бұл мәселеге ҚМБД өкілі пікір білдірді, - деп хабарлайды kaz.globalnews.kz.
"Қазір бір компания жейделер сатып жатыр екен. Онда Алаш қайраткерлері бейнелеген. Бірақ көзін ойып тастаған. "Алаш арыстарының көзі неге ойылған" деген сұрағыма, "Дін бойынша адамның көздері бейнеленген киімдер киюге болмайды" деп жауап берді", - деп жазған Facebook қолданушысы Ернат Мелсұлы.
Оның айтуынша, бұл өнімді оқушылар сатып алып, жаппай кие бастаған. Ол бұған жол беруге болмайды дейді.
"Шығарушылар өзінің бейнесін көзін "ойып" жариялай берсін. Бірақ Алаш қайраткерлерін өздерінің "діни" ұстанымына және Ұлт арыстарын мынадай бейнеде жейде қылып сатып, пайда табу кәсібіне араластырмағаны жөн", - деп жазды ол.
Ернат Мелсұлы дінге жауапты құзырлы мекеме мен Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасынан осы мәселеге қатысты пікір білдіруді сұраған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері Алаш қайраткерлерінің "көзін ойып", киім тіккен кәсіпкердің әрекетіне баға берді.
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, мұндай киімдер жеке кәсіпкерлердің сату мақсатында жасап жатқан дүниелері болуы мүмкін. Алайда ұлт қайраткерлерін бұлай мансұқтауға болмайды.
"Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы Алаш арыстарының көзі жасырылған киімдерді шығарып сатудың дұрыс емес екенін мәлімдейді", - деп жазған әлеуметтік желіде ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы.
Оның айтуынша, Шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ. Мүфтият бұған қатысты пәтуа шығарған емес.
"Арыстарымызды бұлай "дәріптеуге" жол берілмеуі тиіс. Ел үшін жанын пида еткен Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек секілді қайраткерлеріміздің асыл бейнелерін қорлауға болмайды. Мұндай әрекеттер - ұлт қаймақтарына деген құрметсіздік. Қазір адамдардың, жануарлардың, басқа да тіршілік иелерінің суреті салынған киімдер шығып жатыр. Асыл дініміз мұндай киімдерді шығаруға қарсылық білдірмейді. Алайда тірі жанның суреті салынған киіммен намаз оқымаған абзал. Мұндай киіммен намаз оқу - мәкруһ", - дейді ол.
Бұл мәселеге философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқан aikyn.kz басылымына берген сұхбатында пікір білдерген.
"Мен де жейдеге қатысты осы дауды әлеуметтік желіден оқып қалып, екіұдай ойда қалғаным рас. Қазақ зиялыларының көзсіз салынуы оларды қорлап тұрғандай көрінді. Бізде әдетте көшеде ілініп тұрған адамдардың суреттерін бүлдіріп, көзін жыртып не ойып кетіп, қорлап жатады ғой. Бұл да құдды бір сондай секілді болып тұр. Әрине, негізі шариғатта кеудесінде жаны бар тіршілік иесінің суреттерін салуға белгілі бір деңгейде тыйым салынған. Ертеректе адамдар о дүниеге барғанда, Құдай: "Қане, сол суреттеріңе жан беріңдерші" деп айтады деп сенген. Одан бөлек, бұрынғы кезде ұлы тұлғалардың суретін салу табынушылыққа ұласып кетуі мүмкін деген қауіптен де туған болуы мүмкін", - деді дінтанушы сұхбатында.
Ол жігіттер мына жейдемен мешітке баратын болса, үстінде сурет болмасын деп те осылай істеген болуы мүмкін дейді.
"Бірақ біз қазір зайырлы қоғамбыз. Мешіттер мемлекеттің ісіне араласпайды. Оның үстіне, бүгін – ақпарат заманы, бәріміз суретімізді желіге де салып жатырмыз. Ешқайсымыз көзімізді жауып жатқан жоқпыз ғой. Намаз оқыған кезде киімде тірі жанның суреті болмасын, әйтпесе мәкруһ болады деген сөз бар. Соған байланысты жігіттер мына жейдемен мешітке баратын болса үстінде сурет болмасын деп те осылай істеген шығар. Олай болса, жалпы суретті неге салады?! Көзін салмайтын болса, суретті де салмай-ақ қоюы керек еді. Мешітке баратын болса, соның сыртынан басқа киім киіп те әлгі суретті жабуға болады ғой", - деді дінтанушы сұхбатында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!