"Не молчи" қорына тұрмыстық зорлық көрген Жамбыл облысы тұрғынының туыстары хабарласып, көмек сұрады. Бұл туралы қор жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшаларында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шу қаласында әпкемізді күйеуі өлімші етіп сабауына байланысты сіздерден көмек сұраймыз. Күйеуі нашақор болған, ол әйелін қорқытып, үркітіп, қоқан-лоқы көрсетіп, балаларының көзінше аяусыз ұратын. Күйеуі параноик, әйелі көзіне шөп салмаса да "опасыздық жасадың" деп мойындатуды талап еткен. Жәбірленушінің істемегенін істеді деп, "шөп салғанын мойындағаны" туралы аудиоларды таныстары мен туыстарына жіберуді талап еткен", - дейді жәбірленуші әйелдің туыстары.
Сондай-ақ олардың сөзінше, соңғы рет күйеуі әйелін екі күн қатар ұрып, әйел адам есінен танып қалған.
"Не болғаны өзінің есінде жоқ. Балалары қорқып, далаға жүгіріп шығып, жұрттан көмек сұраған кезде ғана аман қалған. Қоқан-лоқыдан көз ашпай қорқып қалғандықтан, жәбірленуші әпкеміз сонша соққы ала тұра арыз жазудан бас тартқан, әлі күнге дейін жазбады. Шу қаласының прокуратурасы осы жайтқа назар аударып, қандай да бір шара қабылдауы үшін қоғам тарапынан қолдау керек деп ойлаймыз", - дейді жәбірленуші әйелдің туыстары.
"Не молчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Ішкі істер министріне үндеу жасап, Қылмыстық кодекстің 110-бабы ("Қинау") бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!