- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көзіңе шағылысып алдағы...
"Көзіңе шағылысып алдағы жолды көре алмайсың". Көлікке "линзалы" жарықшам тағу заңды ма?
Қазір көлігіне өткір түсетін алдыңғы жарықшамдар тағып алған жүргізушілер көбейді. Трассаға шыға қалсаң қарсы жолақтағы көліктің жарығына көзің шағылысады. Өйткені жоғары кластағы машиналардан бөлек, қарапайым көліктерге дейін сыртқы жарық аспаптарын жаңартып, көк түсті өткір шамдар (линзалар) тағып алған. Осы мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісі Ішкі істер министрлігене сұрау салып көрді.
Темір тұлпарын сәндеуге құмартып тұратын жүргізушілер үшін линзалы жарықшамдар тағу әдетке айналған. Жарқыраған сәулелерден көлікке қарау тіптен қиын. Алайда сыртқы жарық аспаптарының саны, түрі, орналасуы және жұмыс режимі көлік құралы конструкциясына сәйкес келмесе тәртіп сақшыларының тоқтатуына, тіпті айыппұл салуына негіз бар.
Алайды "темір тұлпарыңызға орнатқан жарықшамдар сол көліктің жоғары санатты комплектациясындағы фаралармен сәйкес келген жағдайда еш мәселе жоқ" дейді министрліктегілер.
"Кеден одағының 018/2011 "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті №8 қосымшасының 3.1-тармағына сәйкес, көлік құралының жарықтандыру және жарық дабылы құрылғыларында орнатылған жарық көзінің классы осы көлік құралының зауыттық жиынтығын ескере отырып, өндіруші көрсеткен пайдалану құжаттамасына сәйкес келуі тиіс."
Қалааралық трассаларда жүретін такси жүргізушілері мұндай жарықшамдар апатты жағдайлардың алдын алады деп ақталуда. Әсіресе түнгі жолда трассадағы шұңқырларды бағамдауға, төрт түлік малды алыс арақашықта аңғаруға көмектеседі екен. Десек те таяқтың екі ұшы бар дейді олар.
"Жаман жақтары қарсы келе жатқан көлікке жолды көрсетпейді. Көзіңе шағылысып алдағы жолды көре алмайсың. Қазір үлкен жүк көліктері, газель, альфарт сынды машиналардың барлығы линзалы жарықшамдар тағып алған. Сол себепті, жүргізушілер алдыңғы фараларының биіктігін белгілі бір межеден асырмағаны дұрыс деп ойлаймын. "
Біздің елде LED, ксенон секілді жарықшамдарды көлігіңізге орнатуға болмайды. Сондай-ақ темір тұлпарыңыздың жоғары классында линзалы фаралар болмаса, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабы 1-1-бөлігіне сәйкес бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл арқалайсыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов