Көзіне жас келді: 71 жастағы әйел алғаш рет жеке куәлік алды

Ақтөбеде 71 жастағы әйел алғаш рет жеке куәлік алды. Ол толқығаннан көзіне жас алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Валентина Бердина - Ақтөбе тұрғыны. Өмір бойы Қазақстан аумағында тұрғанымен, жеке құжаттарын рәсімдемеген. КСРО кезінде алған жарамсыз төлқұжатын ауыстырмағандықтан, осы күнге дейін зейнетақы да ала алмай келген. Құжатсыз, әрі тиісті зейнетақы төлемдерінсіз өмір сүріп жатқан егде жастағы әйелді жергілікті еріктілер өз қамқорлығына алып, материалдық, әрі құқықтық көмек көрсеткен.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон қызметкерлері  Валентина Бердинаның жағдайымен танысқаннан кейін жұмысқа дереу кіріскен.

13 қаңтар күні полиция қызметкерлері Валентина Бердинаның тұрғылықты мекенжайына арнайы барып, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін тапсырды.

Фото: polisia.kz

Қатты қуанған әйел көзіне жас алып, өзіне қол ұшын созған барша жанға алғысын айтты.

"Тіпті не айтарымды білмей тұрмын. Барша Қазақстан жұртына рақмет. Қайырымды жандардың сондай көп екенін білмеппін. Тіпті өмір сүргім, жұмыс істегім келіп кетті. Енді зейнетақымды алсам, арманым жоқ", - деді толқыған әйел.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!