- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көзімнің тірісінде сол...
"Көзімнің тірісінде сол сөзді естігім келеді". Еркебұлан Дайыров алғаш рет анасы жайлы айтты
Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров "Алғашқы" бағдарламасында бірінші рет туған анасына "мама" деді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі ата-әжесінің қолында солардың баласы болып өскен.
"Әке-шешемнің, ата-әжемнің махаббаттарына малынып өскен адаммын. Қандай жетістікке жетсең де, киноға түссең де, ер-азамат бірінші шешесіне айтады ғой. Сол қуанышты анасымен бөліскісі келеді. Мамаммен әр сөйлескен сайын "мені қалай жақсы көресің?" деп сұрайтынмын. Сол кезде "балам, мен сені қайта туып алып, жақсы көргім келеді" дейтін. Ол менің әжем ғой. Бірақ арамызда осыншалықты түсініксіз туған анаңдай мықты сезім болуын айтып түсіндіре алмаймын. Сенің ата-анаңдай жетістігіңе ешкім қуанбайды", - деді ол.
Актер туған анасы "тәте" дейтінін айтты.
"Туған анама "тәте" деген сайын оның астарында "ана" деген сөз жатыр. Міндетті түрде сөзбе сөз айтудың керегі жоқ шығар. Ол кісіні де қатты жақсы көремін. "Мама" деп анама да айтамын, ештеңесі жоқ", - деді ол.
Еркебұлан Дайыровтың туған анасы баласынан осы сөзді есту арман екенін айтты.
"Ата-енесіне беруге мен қарсы емеспін. Бірақ "мынау - әкең, мынау шешең" деп айтқан дұрыс қой. Бұл баланың жүйкесіне әсер етуі мүмкін. Адам ішіндегісін өмірден кетіп қалғаннан кейін айтқан жаман. Әкесі соны естімей кетті.
Негізі Еркебұланды дүниеге әкелмес бұрын ата-енем "егер біріншісі ұл болса, біздің бала, аузыңды ашпа" деді. Ауырып жатырмын, күйзелістемін, бірақ білдіртпеймін. Бес жылдық кездесуімізде ауылға барғанда жаздық асханада шай ішіп отыр екен. Көзіме қарап отырды да, томпаңдап келді. Қарауға шыдамым жетпейді. Білдіртіп қоямын ба деп ойладым. Ата-енемнің де көңіліне қарап отырмын. Көзімді төмен салдым. Қасымда айналып жүрді де, алдыма келіп отыра қалды. Көкірегіме бірдеңе тірелгендей болды. Айтып жеткізе алмаймын. Бір күн бармыз, бір күн жоқпыз. Сол сөзді есту арман", - деді анасы Нұржамал Алимова.
Бағдарлама барысында актер алғаш рет туған анасына хабарласып, "мама" деп айтты.
Еске салайық, бұған дейін Еркебұлан Дайыровтың "Азияның үздік актеры" марапатына ие болғаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда қанша әйел мен ер адам бар?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы