Шымкент тұрғыны Кристина Падрова Massaget.kz тілшісіне Түркияға көмек ретінде макарон сатып алған ұлы туралы айтып берді.
Анасының сөзінше, Павел кішкентайынан егде жастағы көршілеріне көмектесіп жүреді екен. Біреуінің сөмкесін көтеріседі, тағы біреуіне дүкеннен керегін әкеліп береді.
"Оған түскі асқа деп ақша бере бастағанда, жартысын өзі жұмсап, қалғанын үйі жоқ бір атаға апара беріп жүретін. Өзіміздің материалдық жағдайымыз асып-тасып тұрған жоқ. Ол Түркияда болып жатқан оқиғаларды, біздің оларға еш көмек бере алмай жылап жүргенімізді көріп, көшеде металл жинай бастады. Оған "Өзім көмек ретінде заттар апарып беремін" деп ұрыстым. Осылайша, түскі асқа деп берген ақшасын қайырымдылыққа жұмсапты", - дейді ол.
Павел Түркияға көмек жіберетін волонтерлер клубының мекенжайын әлеуметтік желіден тауып, үйінен жаяу барған. Сол үшін бірінші сабағына үлгермей қалған. Анасы мұны естігенде, оған ұрысуға дайындалып отырған екен. Алайда ізінше волонтерлер кіріп, осындай бала өсіргеніне алғыс айтыпты.
"Басында "Не болып қалды екен?", "Неге балам мектепке бармады?" деп таңданып қалдым. Ол үйге оралғанда "Сені шақырып жатыр" деді. Мен жайсыз нәрсе болды деп қорқып кеттім. Содан кейін волонтер "Ұлыңыз түскі асқа деп берген ақшаңызға Түркияда зардап шеккендерге көмек ретінде сәлемдеме беріп жібергісі келді" деді. Көзімнен жас шығып кетті. Бұл қуаныштың көз жасы еді және ұлым үшін мақтанып тұрдым. Әлі де өз-өзіме келе алмай жатырмын. Әкесі де таңданып отыр", - дейді Кристина Падрова.
Павел Падров 12 жаста. Шымкенттегі №4 мектептің 5-сыныбында оқиды. Оның екі інісі және бір қарындасы бар.
Еске салайық, бұған дейін шымкенттік Павел Падров анасы түскі асқа деп берген ақшаға Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге макарон сатып алғанын жазған едік. Бұл туралы "Добряки Шымкента" еріктілер клубы хабарлады.
Клуб мүшелері қораптарды видеоға түсіргелі жатқанда 12 жастағы бала кірген. Ол сөмкесіне салып әкелген макаронды шығарып, Түркияға беріп жібергісі келетінін айтқан. Волонтерлер баланың бұл әрекетіне сүйсініп, оны әлеуметтік желіде жариялады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!