Көзіңізге салмақ түсіп, ауырсынуларды жиі сезінесіз бе? Ондай жағдайда дәрігерге бару керектігі айтпаса да түсінікті. Окулист, офтальмолог Есекеева Эльмира Нұрлыбекқызы көздің кейбір ақауларына тоқталып, көзілдірік пен линзаның қайсысын таққан пайдалы екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қандай жағдайда офтальмологқа қаралып, медициналық тексеруден өту керек?
Бала туылғанда, жарты жылдан кейін, бір жаста, екі, үш жасқа толғаннан кейін… осылай жалғаса береді. Айтпағым, жыл сайын баланың көзін тексертіп отыру керек. Балаңыз теледидарды көзінің қырымен немесе төмен қарап, көздерін сығырайтып көретін болса немесе жазу барысында қате кетіп не қисық жазып, мұғалімі шағымданса дереу офтальмологқа қаралу керек. Дәрігер дер кезінде алдын алу шараларын айтып, асқындырып алмаудың жолдарымен бөлісетін болады.
Неліктен өзге себептерге қарағанда телефоннан көздің көру қабілеті төмендеу қаупі жоғары?
Телефонды пайдаланған кезде, дене қалпымызды ұзақ уақыт бойы экраннан көзге дейінгі қашықтықта өзгертпей, жақын ұстаймыз. Көз линзасы белгілі бір қашықтыққа үйреніп, алыстағы заттарды анық көру қабілетін жоғалтады. Бұл біздің көзімізге әсер ететін факторлардың бірі ғана. Дәл осы себеп көру қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан көзді үнемі тексертіп отыру маңызды.
-5- пен көретін бала -4, -4,5- дық көзілдірік тағып, көздің көру қабілетін жақсарта ала ма?
Жоқ. Бұл қате пікір. Егер көзі -5 болса -5-ті көрсететін көзілдірік тағуы керек. Одан төменіне жүгірудің қажеті жоқ. Себебі, алыстағы затты толыққанды көре алмайтын болса, көз өсе береді. Соның салдарынан көз көру қабілеті де төмендеп минусқа кете бермек. Сондықтан толық коррекциялық көзілдірік тағуға кеңес беремін.
Көзілдірік кимей-ақ емделуге бола ма?
Дұрысы көзілдірікті 10 минутқа да шешуге болмайды. Арнайы жаттығулар жасаған дұрыс. Бірақ толыққанды көріп кетуге ешқандай кепілдік жоқ. Керісінше, көзілдірік тақпаса “қыли көз”, ”амблиопия” сияқты арулармен асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан, ондай тәуекелге бармаңыздар дер едім.
Линза немесе көзілдірік? Қайсысын таққан дұрыс?
Қайсысы ыңғайлы соны тағуға кеңес беремін. Көбісі линза тағуды жөн көреді. Оны 3 жастан бастап дәрігердің нұсқаулығымен таға беруге рұқсат етіледі. Көзілдіркке келер болсақ, дәл келетін коррекциялық көзілдірік пен арнайы дәрігер ұсынған тамшыларды уақытылы пайдалану көздің көру қабілетін жақсартуы мүмкін. Линза болсын, көзілдірік болсын не тақсаңыз да бірінші кезекте дәрігерге қаралып нұқсаулығын ескергеніңіз жөн.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!