- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көзден жас сорғалап,...
"Көзден жас сорғалап, тамаққа өксік тығылды". Жұлдыз Абдукаримова аянышты оқиғасын бөлісті
Танымал тележүргізуші, актриса Жұлдыз Абдукаримова қоқыста жатқан бесікті көргенін, киелі нәрсенің жатқанын көріп, көзіне жас алғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы өнер иесі Instagram-парақшасында бөлісті.
Бір бесіктің күйі. Таң атты. Әдеттегідей жұмысыма шықтым. Түсірілім тобы бар. "Балалар" тақырыбы болғандықтан арамызда кішкентай қыз бар еді. Кенет көзім қоқыс үстінде жатқан бесікке түсті. Ішім алай-дүлей. Тынысым тарылды. Көлікті тоқтаттым. Әлем тоқтап қалғандай. Елестей есімді жия алмай, сүрініп-шалынып, бесікке бардым. Артыма қарасам, әлгі кішкентай қыз жүгіріп келеді. Түсірілім тобы аң-таң. Сонда түсінгенім, ана жүрегі мен бала көңіліне қоқыстағы бесік оттай үрей берді. Көзімізден жас сорғалап, тамаққа өксік тығылды", - деді ол.
Өнер иесі бесікті көргенде қандай сәтте болғанын айтты.
"Балаларымның шақалағында бесіктен шешкен бойда керіліп бой жазғаны есіме түсті. Дәл сол сәтте құмарлана иіскейтінмін. Бұл дүниенің мәні, О дүниенің жұпары сол сәтте емес пе?! Елдегі балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылықтың тым тереңде жатқанын түсіндім. Біз ұлт ретінде сал-дәстүрімізді ұмытып, киелі бесігімізді қоқысқа тастай бастаппыз. Неге? Қашан бұл күйге жеттік? Бауыржан Момышұлы атамыз "Бесігі жоқ елден қорқамын" демеді ме? Бала және оған қатысты барлық дүние менің жанды жерім! Түсірілім бағыты өзгерді! Бұл туралы әлі біраз дүние айтамын, көрсетемін деп шештім", - деп жазған ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары тележүргізушінің ойына қосылып, пікір қалдырған.
"Ел болғың келсе бесігіңді түзе деп бекер айтпаған! Тәрбие тал бесіктен! Аналарымыз бесікті қастерлеп, қайнаған сумен жуып, таза матамен орап биікке қойған! Ұрпағым жалғассын деген ниетпен! Қоқысқа тастағаны несі?! Үміттерің жоқ па Алладан!". "Әкем жатқан бесікте - мен, менің балаларым жатты. "Бесіктің киесі болады" деп әкем сақтап қойған! Әр шаңырақта бесікте тербелер бөбегі болсыншы!". "Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік болып есептеледі! Ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік болып танылған бесіктің пайда болуы өте ертеде", - деп жазған олар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек