- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Көзден жас бұрқ...
“Көзден жас бұрқ етті“. Жұлдыз Әбдікәрімова жантебірентерлік жазба жариялады
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Білім күнінде көзіне жас алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Қайрат Нұртастың бұрынғы әйелі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ол 1 қыркүйек Білім күніне арналған салтанатты жиында қызының бойжеткенін көріп, қуаныштан жылап жіберген екен.
"Алғашқы қоңырау! Мидағы сан түрлі ойды арқалап, мектепке қарай қадамымды алшаң басып келемін. Әдеттегідей, қазір 1 қыркүйек Білім күніне арналған салтанатты жиын (линейка) өтеді. Сосын ұстаздарды құттықтап, сынып сағатына қатысамыз да қайтамыз деген ойдан басқа баста дым жоқ. Күн суық, бұлтты. Кенет, қолына 1-сынып деген тақтайшаны ұстап тұрған Сезімді көрдім. Басына екі ақ бантик таққан, ортаңғы тістері түсіп қалған кіп-кішкентай бүлдіршін алыстан маған қол бұлғап тұр. Көзім неге бұлдырайды? Сезім неге 1-сыныпта? Бұл қай жыл? 2024, екі мың жиырма төртінші жыл деп, бірнеше рет қайталадым. Иә, бүгін 2024 жылдың 1-қыркүйегі. Демек, Сезім бірінші емес, 11-сынып оқушысы. Тақтайшадағы жазуды енді анық көрдім. Маған қарап, күлімдеп тұрған бойжеткен қыз - менің Сезімім. Уақыт қалай тез зымыраған? 1-сыныптан кейінгі он жыл қалай тез зырғып өткен?... Менің санам сені 11-СЫНЫП оқушысы ретінде қабылдауға дайын емес екен. Көзден жас бұрқ етті", - деп жазба жариялады ол.
Жұлдыз Әбдікәрімова қызын қаншалықты жақсы көретінін де сөзге тиек етіпті.
"Сезімім, қандай сұлу, қандай әдемі бойжеткен болғансың? Нәзік жымиғаның, аз ғана әрлеп қойған опа-далабың - бәрі-бәрі әдемі. Қызым, мен сені Жаратқанның разылығы үшін, жан дүниеммен жақсы көремін! Жолың ақ, өмірің мәнді, өрең биік болсын деп, қайталай бердім. Тамағыма келіп тығылған өксік не ары, не бері кетер емес... Осы күнге дейін санам, деңгейім, күшім, қауқарым жеткенше өзіңе жол, жөн көрсетуге тырысып келемін. Үнемі қолдауға, қорғауға бармын... Осы сәтте 4-сыныпқа көшкен Хан қолымнан ұстап: "Анашым, саған не болды? Күн салқын, қолыңды берші, жылытайын" - деді", - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Ибраева