- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көздегендері менің аузымды...
"Көздегендері менің аузымды жабу!" Арман Шораев ҚМА тексерісіне қатысты пікір білдірді
Бүгін Қаржы мониторингі агенттігі "Қазақстан Барысына" 1,075 миллиард теңгенің қаншалық заңды бөлінгенін тексеретінін мәлім етті. Жобаның негізін қалаушы Арман Шораев бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында "Қазақстан барысы" қазақ күресінен турнир өткізуге бөлінген 1,075 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеріп жатыр. Ал Арман Шораевтың сөзінше, оның айналасындағы адамдарға, әріптестеріне, жақтастарына түрлі себеппен қысым жасау басталып кеткен.
"Журналист ретінде жасаған жұмыстарымнан мін іздеп, архив ақтаруға көшті. Көптеген жобаларды бірге жүзеге асырған пікірлестерімді заңсыз тергеп-тексеріп жатыр. Кейбіреуін тіпті заңсыз шетелге шығармай, заңсыз тінтулер жасап жатыр. Сондағы көздегендері менің ауызымды жабу! Мен осы азаматтық ашық ұстанымға көшкенде алдымнан не шығатынын біліп келген адаммын, шырақтарым! Мені ұстанымымнан айнытам деп текке терлемеңдер!", - деп жазды Шораев Facebook-парақшасында.
Ол айналасындағы адамдарды заңсыз тексеріп жатқанын айтады. Сонымен қатар, Шораевтың сөзінше, "Қазақстан Барысы" жобасының идеясы өзінікі болғанымен, жоба қазір халық қазынасына айналған.
"Менің айналамды заңсыз тіміскілеп, адвокаттардан "Арман билікке келсін, жолықсын, анаусын қойсын, мынаусын қойсын" деген сәлемдеме жолдағаннан түк шықпайды! Мен жүзеге асырған "Қазақстан Барысы" жобасын да тілге тиек етіпсіңдер, айналайындар, идея менікі болғанымен, бұл жоба қазір халықтың қазынасына айналған. Аталарыңның асы мен наурызда ғана естеріңе түсетін қазақ күресін, түйе балуандарды елге танытып, сондай жоба жасасаңдар, сендерге кім "қой" деді?! Мені қаралап, жемқор қылып, халықтың алдында қарабет қылуды көздеген екенсіңдер, ақ жол! Бір қуанатыны - қазір халық өзгерген, көзі ашық, билік не айтса соған құлдық ұрмайтын қоғам қалыптасып келе жатыр! Сол үшін де сендердің сапарларың қысқа!", - дейді ол.
Еске салайық, бүгін Қаржы мониторингі өкілдері Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында "Қазақстан Барысы" қазақ күресінен турнир өткізуге бөлінген 1,075 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған болатын.
Басшылардан, мердігер өкілдерінен жауап алу, тінту және құжаттарды алуды қамтитын тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина