“Көзбояушылықты қою керек“. Бектенов өртке қарсы күресті сынға алды

“Көзбояушылықты қою керек“. Бектенов өртке қарсы күресті сынға алды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ұлттық саябақтар мен резерваттардағы өртке қарсы күресті сынға алып, Президент тапсырмасына сәйкес көшет отырғызу шараларын көзбояушылықсыз орындау қажеттігін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол бүгін, 8 қазан күні Үкімет отырысында мәлімдеді.  

Үкімет отырысында Премьер-Министр өткен жылы орын алған алапат өрттерді еске алып, орманды заңсыз кесуден және өрттен қорғау шараларына назар аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз болғанын кесіп айтты. 

"Бұған дейін ұлттық саябақтар мен резерваттарда өртке қарсы күрес іс-шаралары мардымсыз жүргізіліп келді. Оны өткен жылдарда орын алған алапат өрттер анық көрсетті. Орман ұйымдары оған дайын болмай шықты. Қазір орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен және техникамен, жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс қолға алынды" – деді ол. 

Сондай-ақ Премьер-Министр Президенттің тапсырмаларын орындау үшін елімізде 2027 жылдың соңына дейін 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет екенін атап өтті. Әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықты қойып, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін мәлімдеді. 

"Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшетті жерсіндіру әдістерін жетілдіру және көзбояушылықтың жолын кесу қажет. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Литпин