“Көзбояушылық көп“. Бектенов мүгедек жандарға істеліп жатқан жұмыстарды сынап тастады

“Көзбояушылық көп“. Бектенов мүгедек жандарға істеліп жатқан жұмыстарды сынап тастады
Фото: elements.envato.com

Премьер-министр Олжас Бектенов мүгедектігі бар адамдарға арналған лифтілер мен көтергіштер жұмыс істемейтінін айтып, сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биік бордюрлер жолды кесіп өтуге кедергі келтіреді.

Бүгінде елімізде инфрақұрылымның 45 пайызы мүгедектігі бар жандар қажеттіліктеріне бейімделген. Премьер-министр нақты нәтижеге қол жеткізу үшін осы бағытта сапалы жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.

"Кейбір пандустар мен ауыспа жолдардан өтер кезде бесік арбамен жүрген ата-аналар да әлекке түсіп жатады. Арнайы лифтілер мен көтергіштер жұмыс істемейді. Биік бордюрлер жолды кесіп өтуге кедергі келтіреді. Яғни қолайлы орта қалыптастыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарда көзбояушылық көп. Нысандарды мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл әсіресе әлеуметтік объектілерге, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр әлеуметтік қызметтерге мүгедектігі бар адамдардың мәселелерін шешуде жеке көзқарас қалыптастыруды тапсырды. Биыл жыл басынан бастап мемлекеттік органдарға мүгедектігі бар адамдардан 16 мыңнан аса өтініш түсті. Премьер-министр шағымдардың негізгі бөлігі сараптамаға, қайта куәландыруға, оңалтуға және жұмысқа орналасуға тиесілі екенін атап өтті.

Олжас Бектенов мүгедектігі бар адамдарға қатысты әрбір мәселені шешуде жеке көзқарастың қажеттілігін атап өтіп, әлеуметтік қызметтер жұмысын жандандыруды тапсырды. Үкімет басшысы мүгедектігі бар жандармен өзара іс-қимылды неғұрлым сапалы әрі тиімді құруға мүмкіндік беретін шешімдерді мысалға алды.
 
"Мәселен, Еңбек министрі мен Алматы қаласының әкімі мүгедектігі бар штаттан тыс кеңесшімен жұмыс істейді, ол осы санаттағы азаматтардың проблемаларын шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибені барлық өңірлер мен мүдделі мемлекеттік органдар пайдалануға тиіс. Әлеуметтік саясаттың жаңа стандарттарын жасау мен ілгерілету жұмысын жалғастыру қажет. Инновациялық технологияларды әзірлеу және оларды әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау жүйесіне енгізу - өте өзекті мәселе. Оның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуға тиіс", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Еңбек министрлігіне Тұжырымдама жобасын Үкіметке 15 қарашаға дейін енгізуді тапсырды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек