- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көз тие ме...
"Көз тие ме деп қорықтық". 4 жасар Исламның анасы есепке жүйрік баласы туралы айтты
Шардаралық 4 жасар Ислам Көпбай есеп шығарудан алдына жан салмайды. Оның видеосы әлеуметтік желіде бір күннің ішінде мыңдаған қаралым жинаған. Ол тек ондықтарды емес, мыңдықтарды ойланбастан алып-қоса алады. Енді көбейту кестесін үйрене бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Otyrar телеарнасының хабарлауынша, Ислам Көпбай Түркістан облысы Шардара ауданындағы кішкентай ғана Егізқұм ауылында туған. Оның есепке қызығушылығы 3 жасында байқалған. Тіпті тілі дұрыс шықпай тұрып-ақ санауды үйреніп алыпты.
Анасының айтуынша, баласының есте сақтау қабілеті өте жақсы. Ол қосуды, алуды, есептеуді әпкелері сабақ оқып отырғанда жағаласа жүріп, үйреніп алған көрінеді. Оны білетін ауылдастары да қызық көріп, Исламды көшеде көргенде есеп сұрауды әдетке айналдырған.
"Исламның қызығушылығы 3 жасынан басталды. Әпкелерінің жанында отырып 2 таңбалы сандарды қосып айта беретін еді. Сол кезден басталды. Енді қазір 4 таңбалыны да айта береді. 1250 деп жазып берсек параққа өзі шығарып тастайды. 9999 деп қиынырақ қоямыз. Оны да қарайды да жауабын айта береді", - дейді Исламның анасы Гүлнар Қонарбаева.
@tvbalapan ?4 жасар Ислам есепті ойланбастан шешеді ?Досым, талантты Исламды лүпілмен қолдап, өз досыңа жібер. #balapantv #balapan2023 #топжарған ♬ оригинальный звук - Balapan TV
Исламның математикаға жақын болуы бекер емес. Себебі атасы Көпбай да есепке жүйрік болған екен. Исламның ағасы Қайрат Таңжарбаев атасының сол қасиеті немересіне дарыған болар дейді.
"Үлкен әпкелері сабақ оқып жатқанда қасында жүріп үйреніп алатын. Басында көліктің маркасын тез жаттап алатын. Атасы есепке жүйрік еді, содан өткен болар", - Исламның ағасы Қайрат Таңжарбаев.
Отбасында есепке жүйрік жалғыз Ислам ғана емес. Оның 3 әпкесі де оқу озаты. Ата-анасы әуеліде "балаға көз тиіп кете ме" деген оймен видеоның таралуын қаламаған екен. Желі жұлдызына айналған балақайға бүгінде түрлі телебағдарламадан шақырту түсіп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан