4 жасынан көру қабілетінен айырылған Ербол Сейтқұлов бүгінде массаж жасау маманы. Алматының орталық ауданында Ербол Сейтқұловтың массаж жасау кабинеті бар. Күніне - 10, кейді 12 адамға дейін қабылдайды. Өмірдің қиындығына мойымай, өзіне де, адамдарға да пайдалы қызметпен айналысып жатқан Ербол Сейтқұловпен Massaget.kz тілшісі әңгімелесіп қайтты.
Ербол Сейтқұлов үйленген, жарымен бес бала, төрт немере тәрбиелеп отыр. Алайда балалары медицина жолын таңдамаған.
"1974 жылы Алматы облысындағы Қарақастек ауылында дүниеге келдім. Арнайы интернатта оқыдым. 1993-жылдары массаж курстарын оқып, ауылымдағы ауруханада 1998 жылға дейін жұмыс істедім. Кейіннен Алматыға келдім. Қалада әртүрлі орталықта жұмыс істедім. Одан соң массаж кабинетімді ашып, жеке бизнеспен айналыса бастадым. Себебі 1998 жылдар қиын кездер болды. Ауруханада қызметкерлердің санын қысқарту болды", - дейді Ербол Сейтқұлов.
Бүгінде ол жеке массаж кабинетінен бөлек мемлекеттік ауруханада жұмыс істеп жүр. Онда көбіне кішкентай балаларға массаж жасайды.
"Массаж жасап жүргеніме 29 жылдай болды. 1-санаттағы массажистпін. Медициналық білімім бар. Біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрамын. Жалпы, кез келген медицина маманы бес жыл сайын біліктілігін арттыру курстарынан өтуі керек. Қазір массаждың барлық түрін жасаймын", - дейді маман.
Ербол Сейтқұлов. Фото: Massaget.kz
Ербол Сейтқұлов 1-топтағы мүгедек, көзі мүлде көрмейді.
"Бала күнімде 4 жасымда қызылшамен ауырғанмын. Ол асқынып осындай жағдайға жеткен. Өмірге сау болып келгенмін. Құлағым да онша естімейді. Адамның қай жері ауырып тұрғанын көрмесем де сеземін. Адам анатомиясын жақсы білемін. Не мазалап тұрғанын біліп тұрамын. Яғни адам массаж төсегіне жатқан кезде қай жері ауырып тұрғанын бірден білемін. Қасымда көмекшілерім жоқ. Бірақ біз тағы орталық ашқымыз келеді.
Бұл массаж кабинетінде адам қабылдап жүргеніме үш жылдай болды. Бірақ 2005 жылдары қиын кезең болды. Себебі ол кезде бюрократия көп еді. Бір құжат үшін 2-3 күн күтетінсің. Қазір бәрі тез, жылдам істеледі", - дейді массаж маманы.
Ербол Сейтқұлов туған жерінен Алматыға келген кезде қиын кездер басынан өткен. Себебі массажға жазылатын клиенттер көп болмаған.
"Клиенттер бірден жиналған жоқ, қиын болды. Ұзынағаштағы ауруханада жұмыс істеп жүрген кезімде адамдар жиі келетін. Алматыға келген кезде жарты жылдай жұмыссыз отырдым. Кейін массажға бір әжей келді. Массаж жасағаным ұнады, ол кісі жақындарына айта бастады. Ауыздан ауызға тарап, клиенттерім көбейе бастады. Күніне әртүрлі адам келеді, жалпы 10-12 адам қабылдаймын.
Қазір адамдар көбіне мойын ауруына шағымданып келеді. Себебі компьютердің алдында көп отырып жұмыс істейді. Шаршап, стресте жүрген адамдар келеді, кейде массажды демалу үшн жасатады", - дейді ол.
Ербол Сейтқұлов бүгінде адамдар массаждың пайдасын саналы түрде түсіне бастағанын айтады.
"Негізі массаждың емдік қасиеті дәріге қарағанда көп. Дәрі жедел фазаны емдесе, массаж бұлшықет ауруларын жеңілдетеді. Адамдар массаж расында да, емделуге көмектесетінін түсіне бастады. Балаларға да массаж жиі жасалып жүр. Ата-аналарға кеңесім: бала бір жасқа толғанға дейін "ходунокқа" отырғызбаған дұрыс. Себебі соның кесірінен баланың аяғы қисайып, табаны жалпайып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, бала бір жасқа толғанға дейін 4 курс массаж алдырған дұрыс. Бала физикалық тұрғыда да, ақыл-есі тұрғысынан да жақсы дамитын болады. Себебі массаж қан айналымын жақсартады. Қазір көп балада гипоксия - оттегі аштығы бар. Оны емдеуге массаж жақсы көмектеседі", - дейді массаж маманы.
Фото: instagram.com/erbol_seitkulov
Ол массаж нәтижесі әркімде әрқалай байқалатынын айтады. Кейбір адамдар бір күнде жақсы болып кетсе, енді біріне 4 курс керек болуы мүмкін.
"Маған өз жұмысым ұнайды. Сондықтан массажды да жеңіл жасаймын. Массаж қолмен істейтін жұмыс болғандықтан массаж жасайтын әр адамның өзінің "қолтаңбасы" болады", - дейді ол.
Ербол Сейтқұлов жеке массаж кабинетін ашуды бірнеше жыл бұрын қолға алған. Бірақ оны ашу жолында түрлі қиындықтар болған.
"2004 жылы көзі көрмейтін жандар үшін бөлімше ашқым келді. Көп хат жаздым, бірақ органдардан мардымды жауап ала алмадым. Кейін 2005 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 24 тамызда тікелей эфирге шықты. Мен сол кезде президентке хат жазып жіберген болатынмын, оны тікелей эфирде оқыды. Сол эфирден кейін органдардан мардымды жауап келді, "қозғалыс" басталды. Бір жылдай жұмысым жақсы жүре бастады. Кейін қайтадан тоқтап қалды. 2007 жылы қалалық денсаулық сақтау басқармасы, еңбек министрлігі өкілдері және басқа да жауапты адамдар қатысып, меморандумға қол қойдық. Кейін сол жылы экс-президент тағы тікелей эфирге қатысты, мен қайтадан массаж бөлімін ашу туралы хат жаздым. Сол хаттан кейін қайтадан жұмыс жандана бастады. 2009 жылы массаж жасау бөлімін аштық. Көп адам "мүмкін емес" десе де көптеген қиындықтан өттім. Қазір алғысын айтатын пациенттерім көп", - дейді ол.
Ербол Сейтқұловқа қиын сәттерде моральдық тұрғыда қолдау көрсеткен отбасы екенін айтады.
"Отбасымның асыраушысы өзіммін. Өз жұмысымды жақсы көремін. Маған 20 жыл бойы келіп жүрген пациенттерім бар. Кейде пациенттерім "массаж жасаудан жалыққан жоқсың ба" деп сұрап жатады. Жоқ, ешқашан жалыққан емеспін, әрине, физикалық тұрғыда қиын жұмыс, бірақ жұмысымды жақсы көремін. Жұмыста қызық сәттер болып жатады. Маған ең бірінші рет келіп тұрған пациенттер мені біртүрлі адам деп ойлайды. Себебі адам сұрақ қойған кезде оны естімей қалуым мүмкін, көзім көрмейді, басым басқа жаққа қарап тұрады. Үшінші, төртінші рет келген кезде түсіне бастайды. Немесе менен массаж алмай жатып менің білімім барына күмәнмен қарап жатады. Ал жалпы маған келетін адамдар өте мейірімді", - дейді Ербол Сейтқұлов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!