Жуырда Шымкентте Жамбы атудан халықаралық жарыс өтті. Жарыстың халықаралық дәрежедегі төрешісі Амали Рачке қазақ жылқысының жылдамдығы мен төзімділігіне ерекше баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен Еуропада, Оңтүстік Африкада, Моңғолияда төреші болдым. Бір түсінгенім, еуропалық аттардың шабысы баяу. Өйткені олар тек қорада ғана өседі, ол жерден басқа көргені аз. Ал Қазақстан мен Моңғолияның жылқылары жылдам әрі энергиясы көп болады. Себебі олар дала көрген, еркіндікті сезген жылқылар. Сондықтан да өмірде де, жарыста да өте жылдам. Тіпті көзді ашып-жұмғанша жарыс жолын жүріп өткенін байқамай қаласың. Әсіресе Қазақстанның жылқысы аса шапшаң екен", - деді Рачке.
Оның сөзінше, аттың жылдамдығы спортшы үшін жақсы болғанымен, төреші үшін сәл қиындық тудырады.
"Мұқият қарауға тиіссің. Еуропада 100 метр жерді шауып өтем дегенше, жарыс барысын асықпай бағамдап алуыңа болады, бірақ Қазақстанда олай емес. Бір қарасаң спортшы ауыздығымен алысқан атына мініп, жарыс жолына шығып келе жатады, енді көзіңді ашып-жұмғанда, ол фиништен өтіп бара жатқанын бірақ көресің. Әрине, бас төреші болғандықтан, жарыс өтіп жатқан аумақ толық көрінетін жерге орналасасың, бірақ қазақ аты көз ілестірмей кетуі мүмкін", - деді Азия чемпионатының бас төрешісі.
Төреші Қазақстанның ұлттық спортын одан әрі дамыту үшін не істеу керегін айтты.
"Қазіргі таңда түрлі турнирлер көбейді. Азиялық сайыстардан бөлек, Еуропа, Әлем чемпионаттары жыл сайын емес, ай сайын өтетін деңгейге жетті. Бұл саланы жауаптанған басшылықтар, ұйымдар сол турнирлерге споршыларды барынша көп қатыстыру жағын қарастырып, мүмкіндік жасап берген жөн. Бұл ең бастысы – спортшының тәжірибе жинауына жақсы. Сол арқылы деңгейін өсіреді емес пе? Мәселен, қазақстандық спортшы әлемнің басқа бір түкпірінде өтіп жатқан сайысқа үнемі өз атын алып бара бермейді ғой. Демек спортшы басқасын айтпағанда, Моңғолияның пәкене жылқысымен де, Еуропаның бойшаң аттарымен де шауып үйренуге тиіс. Бұл споршының халықаралық ретингіне, спортшы ретіндегі сапасына жақсы әсер етеді. Жамбы ату спортының басты ерекшелігінің өзі осы – ат пен адамның үйлесімі, үндесуі", - деді Амали Рачке.
Бұған дейін Қазақстан Олимпиаданың тағы 2 жолдамасына ие болғанын жазған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!