- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қоянқұстағы №47 мектепте...
Қоянқұстағы №47 мектепте шу шықты: Директор ұстаздарды концерт билетін сатып алуға мәжбүрлеген
Алатау қаласы, Қоянқұс ауылы №47 мектептің ұстаздары мекеме басшысының өз өкілеттігін асыра пайдаланып, мұғалімдерді концертке баруға мәжбүрлегенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа оқу жылы басталмай жатып, мекеме басшысы концертке билет алуға мәжбүрлеген ұстаздар редакциямызға шағымданды. Олар директордың, жергілікті өнерпаз концертіне мәжбүрлі түрде билет алғызбақ болғанын алға тартады. Мұғалімдердің сөзінше, әр пән бірлестігіне құны 5 мың теңгелік 2 билет алу тапсырылыпты.
Мәселеге қатысты Алатау қаласы білім басқармасының басшысына телефон соқтық. Басқарма басшысы бұл жағдайдан бейхабар екен.
"Қалалық білім басқармасынан бұндай пәрмен берілмеді. Мәселені анықтайтын боламыз", - деді Алатау қаласы білім басқармасының басшысы Гүлжан Жұбаевна.
Ал №47 мектеп директоры ешкімді мәжбүрлемегенін, концертке баруды тек ұсынғанын айтты. Оның бұл мектепке келгеніне де көп болмапты. Бұрын Іле ауданындағы мектептердің бірінде 5 жыл директор қызметінде болған.
"Бұл кісі жергілікті әнші. Ешкімді мәжбүрлеген жоқпын. Кәсіподақпен сөйлесті, жергілікті әнші болғаннан кейін қолдау көрсетуімізді өтінді. Кәсіподаққа мұғалімдерге "бәрі ерікті түрде" деп айтыңыз дедім. Кәсіподақтан басқа ешкіммен сөйлеспедім", - дейді мектеп директоры.
Дегенмен қысым болмаса, шағым да болмасы анық. Осы тұста "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бап 3-тармағын (Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олар кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді) қайта еске салғымыз келеді.
Ал аталмыш оқиғаға қатысты Алатау қаласы білім басқармасы қандай шара қолданғанын бақылауда ұстаймыз.
Н. Ынтымақұлы