Жуырда Атырау облысында қайын атасы мен қайын енесінің өліміне байланысты күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке бағдар жарияланды. Күдіктінің әкесі Qazaq AIRAN-ға берген сұхбатында ұлы мұндай іске баруы мүмкін емес екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдіктінің әкесінің сөзінше, ұлы жуас, көп адаммен сөйлеспейтін болған.
"Қазір телефонды қарасам, бәрін бір жаққа бұрып қойып, айтпай жатқан сөзі жоқ. "Күйеу баласы жасаған" дейді. Сұлтан жасайды деген үш ұйықтаса, түсіме кірмейді. 100 пайыз сенемін. Қой бауыздау білмейтін, соған дәті бармайтын кісі қалай барады деп ойлайсың?! Кәнігі маньяктың жасайтын жұмысы ғой, өлтіріп, көміп, бәрін жауып. Өшпенді болатын көшедегі кісі емес, ата-енесі. Қасында әйелі жүр. Айтылып жатқан әңгімелерге қалай сенесің?! Төбеден түскендей. Айтатын сөз жоқ", - деді күдіктінің әкесі Самиғолла Сәрсемәліұлы.
Ол ұлымен соңғы рет қашан сөйлескенін айтты.
"Қазанның ішінде келінді алып, қалаға кетті. Келін ауырады, емдету керек. Ота жасатып шыққанына бір жыл болды. Ақбаян (келіні, күдіктінің әйелі - еск.) бірінші топтағы мүгедектік алды. 1 жылдай жүрді. Емделгенде нәтиже жоқ. Балаларын да танымайды", - деді күдіктінің әкесі.
Атырау облысында жоғалған отбасының ісі
Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.
Атырау облысы ПД
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.
8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова